«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыны игеру бойынша Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарында. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов аталған жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысында хабарлады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жобаны жүзеге асыру барысын баяндады. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдері атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Үкімет басшысы 2019-2022 жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан астам ауылда 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылғанын, сондай-ақ 33 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті.
«Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылады. Бөлінген қаржыны игеру қарқыны Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы», – деді Премьер-министр.
Мұнан бөлек, жиында ауылдық елді мекендерді дамытуға жеке кәсіпкерлерді тартудың үлгілері атап көрсетілді. Мысал ретінде Жаңақорған және Сырдария аудандарында саябақ салуға қаражат бөлген «Азимут» ЖШС мен «Абзал и К» ӨК үлесі туралы айтылды.
Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобаларын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі