Роман Скляр егін жинау науқаны кезінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін (АШТӨ) дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс кеңесі өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Энергетика министрлігі егін жинау науқаны кезіндегі АШТӨ операторларын дизельдік отынмен қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы М. Мырзағалиев жеңілдетілген дизель отынын сатып алуға уәкілетті өңірлік операторларды анықтау қарқынының баяу, сондай-ақ ҚМГ МӨЗ дизель отынын АШТӨ-ге басымдықпен жөнелтуді жүзеге асыруға дайындығын атап өтті.
Талқылау нәтижесінде Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, сондай-ақ облыс әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің сұранысын дер кезінде қанағаттандыру бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды. Айта кетейік, АШТӨ үшін дизель отынын жеткізу Үкіметтің бақылауында.
Жанар-жағармай бағасы жағынан өзге елдермен салыстырғанда бізде ғана арзан екен. Сандарды сөйлетсек, жанармай бағасы Ресейде 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 100%-дан жоғары. Демек, біздегі арзан бағадағы жанармайға сырттағылардың сұранысы артуда. Нәтижесінде біз де жанармай тапшылығына, әсіресе егін егу кезінде дизель отынымен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтар туындауының себебі осы.
Ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет нақты шешім қабылдады. Алайда бұл шешімді қабылдау да оңай болмағанға ұқсайды. Себебі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы елге жақпайтыны сөзсіз.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі өте жоғары. Жылына 1 адамға дизель отыны 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.