Облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Б.Сандыбаевтың төрағалығымен кеңейтілген комиссия отырысы өтті. Аталған отырысқа облыстық мәслихат депутаттары А.Абибуллаева, Б.Шәменова, Ж.Нұрымбетов, Б.Махашов, Қ.Ерназаров, Қ.Сақтағанов, Е.Искендер, Н.Бақытбекұлы, Ә.Шаймағамбетов, Қ.Нұрсейтов және ZOOM бейне-конференц байланысы арқылы Ж.Ысқақ, Қ.Боранбаев, Р.Ибраев, Е.Қалиев, сонымен қатар, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Нұрмағанбетов, қала әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай, «Арал» СЖКБД филиалының директоры Н.Шамұратов, Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының «КРЭК компаниясы» басқарма төрағасы Б.Қаракөзов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директорының орынбасары Н.Сатханов, «Қызылорда су жүйесі» МКК өндірістік техникалық бөлімінің басшысы М. Сырманова қатысты.
Күн тәртібіндегі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының электр, жылумен қамтамасыз етудегі, электр желісінің инфрақұрылымын жақсартудағы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы, кәріз желісіндегі және өзге де атқарылып жатқан жұмыстары туралы мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Р.Нұрмағанбетов баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында қазіргі таңда атқарылып жатқан және алдағы уақытта жоспарланған бірқатар жұмыстарға тоқталды.
– Басқарманың ағымдағы жылғы бюджеті 45,1 млрд.теңгені құрайды. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 28,4 млрд.теңге, облыстық бюджеттен 15,8 млрд.теңге. 6 айдың қорытындысы бойынша жоспарланған 16,3 млрд.теңге бүгінгі таңда толығымен игерілді. Ендігі кезекте газдандыру бойынша ағымдағы жылы 26 газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 8,3 млрд.теңге бөлінген. Бұл қаржыға 2022 жылы басталған 7 жоба, атап айтсақ, Арал ауданы, Сексеуіл АГРС, Сексеуіл кентішілік газ құбырлары, Қармақшы ауданы, Төретам, Ақай, Қызылорда қаласы, Наурыз, Махамбет, Жаңақорған ауданы, Бірлік, Қыраш елді мекендері, Шиелі ауданы, Шоқай АГРС-нің жұмыстары жалғастырылатын болады. Сондай-ақ, жаңадан 19 жоба басталады. Ағымдағы жылдың 1 шілдедегі жағдайы бойынша газбен қамтамасыз ету 72% пайызды құрайды. Жыл басынан бергі Қызылорда қаласындағы Наурыз, Махамбет, Жаңақорған ауданы, Бірлік, Қыраш елді мекендері көгілдір отынға қосылды. Жыл соңына дейін 8 елді мекенді Қызылорда қаласындағы (Абай, Досан; Қармақшы ауданындағы Төретам, Ақай, Қалжан Ахун, Құттықожа, Жайылма, Кеден) елді мекендерін аяқтап ел игілігіне беріп, 72% пайызды 75% пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Келесі жылы республикалық бюджетке 21 жобаны қаржыландыруға 11,6 млрд.теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Бұл жобалардың барлығы министрлікпен қолдау тапты. Ендігі кезекте, қаржы министрімен және Үкіметпен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз.
Келесі негізгі саланың бірі – бұл ауыз сумен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша сумен жабдықтау 98,1% пайызды құрайды. Оның ішінде, Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларында жалпы 391 мың адам орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізіп, бұл көрсеткіш 100 пайызға ұлғайды. Бұдан бөлек, 230 ауылдық елді мекеннің 198-інде орталықтандырылған су жүйесі бар немесе 98,1 пайыз. Халық санымен алғанда 442 400 адам. Қалған 32 ауылда 8 мыңнан аса адам қоныстанған. Бұл ауылдарда ішкі су құбыры салынбаған. Тасымал немесе тікелей скважинадан ауыз су пайдалануда. 2025 жылға дейін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Ауылдық елді мекендердің барлығын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету» тапсырмасын орындау мақсатында облыс бойынша кешенді жоспар әзірленген. Жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылға республикалық және облыстық бюджет арқылы 23 жобаға барлығы 7,2 млрд.теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, облыс бойынша КРЭК АҚ-ның теңгерімінде 10 мыңнан астам шақырым электр желілері мен әртүрлі кернеудегі 1867 қосалқы трансформаторлық станциялар бар. Оның бүгінгі таңда орташа тозу деңгейі 68 пайызды құрайды. Жылумен қамтамасыз ету бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу жөнінде облыстық штаб құрылып, іс -шаралар жоспары бекітілді. Дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. ҚР Энергетика министрлігімен бекітілген Жол картасы бар. Қызылорда жылу электр орталығы бойынша аталған Жол картасында жалпы құны 1,7 млрд.теңгені құрайтын іс-шаралар жоспары әзірленген, – деді басқарма басшысы Р.Нұрмағанбетов.
Баяндамадан соң, халық қалаулылары қазіргі таңда ауа-райының аптап ыстық болуы, тұрғындардың тарапынан көтерілген электр жарығының бір деңгейде болмай, тұрақсыз болуы мәселесі, электр жүйелері мен жылумен жабдықтау желілерінің тозығы жеткендігі және қаламыздың жаңа жылу орталығының қызметін қабылдауға қаншалықты дайын екендігі жөнінде т.б мәселелер бойынша өз ұсыныстары мен бірқатар сауалдарын ортаға салды. Сондай-ақ, жылу маусымына дайындық барысы депутаттардың бақылауында болатындығын айтып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау керек екенін назарға салды. Өз кезегінде, басқарма басшылары мен жауапты мамандар тарапынан тиісті жауаптар берілді.
2023-07-24