Сырдария ауданының Аманкелді ауылында республикалық «Tulga bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шараға облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Е.Сисенбиев пен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Н.Абдрасилов қатысып, барша ауыл жастарын мемлекет қарастырған мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

Жылжымалы жәрмеңкеге ауданнан тиісті сала мамандары қатысып, ауыл жастарына түрлі бағытта кеңес берді. Шарада кітап, сурет көрмесі, ұлттық нақыштағы киіз үй көрмесі қойылып, жастар назарына ұсынылды. Кеңес беру жәрмеңкесіне қатысқан жастар гір тасын көтеру, үстел теннисі, қол күрестен спорттық сайыстарға қатысып, өзара бақ сынасты.

Жылжымалы жәрмеңке аясында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несие беру, құқықтық кеңес бойынша бағыт-бағдар берілді. Шараға 70-ке жуық ауыл жастары мен тұрғындар қатысты.

Айта кетейік, «Tulga bol» жылжымалы жәрмеңкесі ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында республика көлемінде жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытта жылжымалы жәрмеңке Шаған ауылдық округінде жалғасатын болады.

 

БӨЛІСУ