Облыстағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша тұрғындар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші алаңдатарлық. Жыл басынан күдікті 35 жағдайы тіркеліп, 10 дерек нақтыланды. Өкінішке орай өлім-жітімнің 3 жағдайы орын алды. Кене шақты деген шағыммен медициналық көмекке жүгінгендер саны да артып келеді.
Бүгін кенеден келетін кеселдің алдын алу шаралары облыстық әкімдікте қаралды. Оған республикалық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама, ғылыми-практикалық мониторинг орталығының мамандары мен өңірдегі санэпид қызмет саласының қызметкерлері, денсаулық сақтау мен ветеринария басқармалары өкілдері мен өзге де тиісті мекеме қызметкерлері қатысты.
Жұмыс кеңесі барысында аса қауіпті аурудың аймақтағы эпидемиологиялық жағдайы айтылды, бірқатар проблемалық мәселелер көтерілді, заңнамалық негізде өзгертілуі тиіс сұрақтар талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасы, ветеринариялық бақылау басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті өкілдері де құзыреті бойынша атқарылып жатқан шараларды түсіндірді. Жұмыс кеңесі мүшелері аталған мәселенің күрделілігін ескеріп, күн тәртібінен түсірмей, бірлескен бірқатар жұмыстар жоспарын нақтылады