Оқу-ағарту министрлігі: елімізде 506 мектеп жаңғыртылды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінде Мемлекет басшысының білім беру жүйесін дамытуға бағытталған тапсырмаларын іске асыру барысы және жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындық жұмыстары талқыланды.
Елімізде 506 мектеп жаңғыртылды. Оның ішінде 107 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. 185 орта білім беру ұйымында мектеп жиһаздары жаңартылды, 201 мектеп кітапханасы мен 119 мектеп асханалары жаңғырту жұмысынан өтті. 261 мектепке турникет, бейнебақылау, дабыл түймелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл бағытта Алматы, Атырау, Түркістан облыстарында көрсеткіш төмен.
Сонымен қатар 250 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр, оның 90-ы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Алайда жаңа оқу жылына дейін 35 мектептің жөндеу жұмысы аяқталмауы мүмкін. Бұл Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында орналасқан мектептер.
Жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі міндеттерің бірі – білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету. Бұл бағытта 14 өңір 100% баспалармен келісім шарт жасады. Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында келісімшарт жұмысы енді аяқталса, Алматы қаласы, Түркістан, Алматы облыстарында баспалармен әлі келісімшарт жасалмады.
Кеңес қортындысы бойынша барлық өңірлердегі білім беру басқармаларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау және жұмысты жеделдету жүктелді. Ал көрсеткіші төмен облыстарға олқылықтарды шұғыл жою шараларын қолға алу тапсырылды.