Достық үйінде «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қаладағы 5-7 сынып оқушылары арасында «Тапқыр болсаң, озып көр!» атты инттелектуалды сайыс өтті. Сайыстың мақсаты – жазғы демалыс уақытын тиімді пайдаланып, оқушыларды дарынды, озық болуға тәрбиелеу.
Шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Бауыржан Үсенбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әділ қазылар алқасы «Қоғамдық келісім» КММ әлеуметтік бастамалар мен жобалар жұмыс бөлімінің аға сарапшысы Нұргүл Ақсақалова мен этномәдени бірлестіктермен жұмыс бөлімінің аға сарапшысы Елена Пак болды.
Сайыс үш кезеңнен құралды. Бірінші кезең «Құпия сандық бекеті» деп аталды. Онда оқушылар жасырылған жұмбақтардың шешуін тауып, қазақ, орыс тіліндегі нұсқасын айтты.
«Алтын қақпа бекеті» атты екінші кезеңде қатысушыларға Қазақстан тарихы, әдебиет, математика, жаратылыстану пәндерінен түрлі сұрақтар қойылды.
Ал үшінші кезеңде қатысушылар «Жасырын әннің атауы» айдары негізінде әртүрлі жанрдағы әндердің атауы мен орындаушысын тапты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік нәтиже көрсеткені үшін №2 Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектептің 7 сынып оқушысы Иманжүсіп Бауыржанұлы мен 5 сынып оқушысы Мерейлім Нұрланқызы диплом иеленді. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камаловтың атынан Алғыс хаттар табысталды.
Тартысты өткен сайыс соңында қатысушылар қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтты. Сонымен бірге, Tik Tok желісіндегі тренд әндерге биледі.

БӨЛІСУ