Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен Тұрақты кеңес мәжілісі өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме, кәсіпорын басшылары және кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде «2023 жылдың 6 айындағы ауданның әлеуметтік экономикалық даму қорытындылары және бюджет қаражатының игерілуі туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы М. Бекеновтің баяндамасы тыңдалды.
Аудан әкімі ағымдағы жылдың 6 айында ауданның макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқандығын, дегенмен биылғы жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдері және құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғы жылдан төмен болу қауіпі бар екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, бюджет қаржысының атқарылуы бойынша 6 ай қорытындысымен қаржы игеру жұмыстарын тиісті деңгейде атқармаған сала басшыларын қатаң сынға алды.
Сонымен қатар, мәжіліс барысында кент, ауылдық округі тұрғындарының бақша егу жұмыстарының барысы пысықталып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға ниет білдірген азаматтарға жан-жақты қолдау мәселелері пысықталды.
Мұнан кейін, мәжілістің күн тәртібінен тыс ауданды ауыз сумен және электр энергиясымен қамту барысы талқыланды.
Аудан басшысы соңғы 10 күн ішінде Жосалы кентінің кейбір көшелерінде мүлде су болмай, орталық көшелерінде судың қысымы төмендеп кеткенін және электр энергиясы жиі өшіп, күннің ыстығында өте қолайсыз жағдай тудырып отқандығын айтып, сала басшыларына қатаң сын ескертпелер жасады.
Сонымен бірге жауапты мекеме басшыларына орын алған ақауларды қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді және ауыз судың уақытылы берілуін қадағалауды міндеттеді.