Шиелі ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидахуалдың күрделенуіне байланысты жұмысшы топ аудан орталығына барып, әкімдікте тиісті мекемелердің қатысуымен өткен штаб отырысында күн тәртібіндегі маңызды мәселерді талқылады.

Ауданда аса қауіпті аурудың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралардың орындалу барысы баяндалып, орын алған кемшіліктер айтылды және оларды жою бойынша іс-шаралар белгіленіп, хаттамалық тапсырмалар берілді.

“Маусым-тамыз айлары кененің табиғатқа белсенді шығып, шабуылдауға кірісетін кезеңі. Бұған кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінушілер санының артуы дәлел. Тұрғындар арасында әлі де де болса аурудың қауіптілігін елемей, сақтық шараларына салғырт қарайтындары жоқ емес. Осы ретте тұрғындармен жұмысты күшейтудің маңызы зор”- деп атап өтті Әлия Әбдіқайымова.

Жұмыс кеңесі барысында аудандағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында індетке қарсы бірқатар шаралар қабылданды.

Қызылорда облысы бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидахуалы тұрақсыз болып қалыптасуда. Жыл басынан бері 29 күдікті жағдай тіркеліп, 10 дерегі нақтыланды. 3 жағдай өлім-жітіммен аяқталды, соның екеуі Шиелі ауданында тіркелді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының әрбір тіркелген дерегі бойынша арнайы құрылған жұмысшы тобы жұмыс жасайды. Ауру анықталған аумаққа барып, медицина қызметкерлерімен кездесіп, жедел әрекет ету алгоритмі, ауруды ерте анықтаудағы күдіктілікті күшейту, ауру ошақтарындағы індетке қарсы шараларды орындау бойынша әдістемелік көмек көрсетеді.

Бұдан бөлек, тиісті мекемелермен бірігіп, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезектен тыс комиссиялары өткізіліп, эпидахуалды тұрақтандыру бойынша проблемалық мәселелер көтеріліп, оларды шешу бойынша тапсырмалар беріледі.

БӨЛІСУ