Қызылорда облыстық онкология орталығы жаңа ғимаратқа көшті.

Облыстық онкология орталығы ағымдағы жылдың 19 шiлдесiнен бастап ендi Модульдік инфекция орталығында халыққа қызмет көрсететiн болады.
Онкология орталығы 2002 жылдан бастап онкологиялық аурумен ауыратын пациенттердің стационарлы ем қабылдауына бейімделмеген облыстық көпбейінді аурухананың «Әкімшілік-техникалы» бөлімінде орналасса, ендi орталық кең әрi науқастардың ем алуына толық жағдайы жасалынған 200 төсек орынға арналған жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырмақ.
Сондай-ақ, орталықтың емхана бөлімі дәрігердiң кеңесін қажет ететін және жоспарлы ем алу мақсатында ауруханаға жатуға жолданған пациенттерді де қабылдай бермек.
Жаңа ғимараттың әр палатасында 2-3 ем алушыға арналған және пациенттер үшін арнайы санитарлық тораптармен (әжетхана, жуыну бөлмесі), желдеткіштермен, орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген.
Жансақтау бөлімі 6 төсек-орыннан 12-16 төсек-орынға дейін кеңейтілген, жабдықталған операциялық 2 залы бар.
Ғимарат қосымша жаңа компьютерлік томограф, заманауи рентген аппаратымен, видеоэндоскопиялық аппаратпен жабдықталған.
Айта кетейік, жаңа ғимарат Берке хан 49 “А” мекен-жайында орналасқан.

БӨЛІСУ