Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Абай елді мекеніне орамішілік газ желілерін жүргізу құрылысымен танысты.
Жоба құны – 357,735 млн.теңге болатын құрылысқа жауапты мердігер – «Ремстрой» ЖШС.
– Бұған дейін Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдарында қызу жұмыс жүріп, тұрғындар қосылған табиғи газдың игілігін көруде. Сәтін салып, мұндай қуанышты күнге Абай ауылының тұрғындары да жететін болады. Ол үшін Сіздер жұмыстарыңызға асқан жауапкершілікпен қарап, сапасы мен уақытын да қаперден шығармауларыңыз қажет, – деген аудан басшысы жауапты мамандарға тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Шыны керек, биыл Сарыкөл ауылдық округінің жұрты үшін жағымды жаңалықтар аз емес. Олай дейтініміз, елді мекенде газ құрылысынан бөлек орталық саябақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Бас қақпасынан бастап ажарланатын саябақта сахна құрылып, ойын және спорт алаңы салынып, түнгі жарықшамдары жарқырайтын болады. Бас мердігер – «Данияр 97» ЖШС мамандарына құрылыстың сапасына мән беріп, уақытылы аяқтауды тапсырған аудан басшысы орталық саябақ тікелей бақылауында болатынын айтты.
Аудан орталығы – Әйтеке би кентінен 14 шақырым қашықтықта жатқан Абай ауылында дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланды.
Жаңа нысанның іргетасын қалау рәсіміне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев және ауыл ақсақалдары қатысты.
Салтанатты шарада аудан басшысы бой көтеріп жатқан нысанмен ауыл тұрғындарын құттықтап, халық игілігі үшін салынатын денсаулық нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажеттігін айтты.
Сондай-ақ жауапты бөлімге құрылысты орындау барысын ұдайы бақылауда ұстау керектігін тапсырды. Жалпы сомасы 400 млн. теңгеге жуық қаржы құрайтын бұл жобаны мердігер мекеме – «Аман-Құрылыс» ЖШС атқаруда.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары округте атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.
Айта кетейік, биыл Қазалы ауданына қарасты 3 ауылда дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Ол қатарда Бозкөл, Кәукей және Абай ауылдары бар.