Жұма күні М.Шоқай атындағы орталық алаңда Шиелі ауданы әкімінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған «Туған елге тарту» атты «Ауыл күндері» фестивальінің ашылу салтанаты өтті.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысып, барша аудан тұрғындарын Киелі Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.

– Алты Алаштың анасы атанған Сыр елінің тарихында Шиелі ауданының алар орны ерекше.
Себебі осынау қасиет қонып, құт дарыған мекенде Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай, «Дала академигі» Ыбырай Жақаев, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, ақын Әбділда Тәжібаев және де 41 Социалистік Еңбек Ері дүниеге келген. Олардың қатарында, кеуделерін от пен оққа төсеген батырлар, қара қылды қақ жарған билер мен шешендер, дарқан даланы ән мен күйге бөлеген жезтаңдай әншілер мен күйшілер, арқалы ақындар мен қарымды қаламгерлер де бар. Бүгінде осынша азаматтардың кіндік қаны тамған Шиелі ауданы өндірісі өркен жайған, мәдениеті мен өнері өзіндік биік деңгейге көтерілген, кәсіпкерлік саласы күн санап қарқын алып келе жатқан, аймақтағы алдыңғы қатарлы ауданға айналып отыр, – деді.
Келесі кезекте аудан әкімі мерейтой қарсаңында орын алған тағы бір қуанышты жаңалықты тұрғындармен бөлісті.

– Халқымызда «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» деген жақсы сөз бар. Осы сөздерді басшылыққа алған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы өткен жылы елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында аймақта алғаш рет «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған болатын.
Нәтижесінде, Шиелі кенті «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының “Үлгілі аудан орталығы” номинациясы бойынша II орынды еншілеп, “Қалдық тасымалдаушы камаз көлігі”, “Жол тазалағыш трактор” және “ассенизатор” көлігін жеңіп алды.
Бұл жетістік күннің ыстық-суығына қарамастан тазалық шараларына белсене ат салысқан барша азаматтардың ортақ жеңісі деп санаймын және Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын!, ‐ деді ол.
Мұнан соң тазалық шараларына ат салысқан бірқатар азаматтар мен шаруа қожалықтарына, мекеме қызметкерлеріне алғыс хаттар, сондай-ақ, соңғы үлгідегі смарт теледидарлар табысталса, кент әкімі Аманкелді Өмірәліге жаңа техника кілттері тарту етілді.

Фестивальдің шымылдығын Сұлутөбе, Тартоғай елді мекендерінің өнерпаздары ашып, әсем ән мен тәтті күйден шашу шашты.

БӨЛІСУ