Сыр елінің айтулы ақыны, айтыскер ақын, өтірік өлеңнің хас шебері Заметдин Ибадуллаевты еске алуға арналған «Тазшаның аманатын арқаладым» атты облыстық ақындар айтысы ақынның туып өскен жері Сырдария ауданы Ақжарма ауылында өтті.

Жыр додасы Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Айтыстың ашылуында аудан әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы халықты жырмен сусындатуға келген ақындарға сәттілік тілеп, Заметдин Ибадуллаевты еске алуға арналған айтыс додасының алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Айтыста Сыр елінің Қызылорда қаласы мен 5 ауданынан 8 ақын қатысып, өтірік өлеңмен жырлаған Бексұлтан Орынбасаров (Арал ауданы), Сырым Әділбеков (Қармақшы ауданы), Бекзат Серіков (Қазалы ауданы), Ерасыл Байментай (Сырдария ауданы), Мөлдір Айтбай (Қызылорда қаласы), Бекжігіт Ержан (Шиелі ауданы), Мұхамеджан Мансұров (Сырдария ауданы), Тұрар Бекмырзаев (Қармақшы ауданы) секілді ақындар Заметдин Ибадуллаевтың жүріп өткен шығармашылық жолын өскелең ұрпаққа, жастарға насихаттау, жастардың шығармашылығын шыңдау мақсатында айтыс өнерін сүйер қауымға жырдан шашу шашты.

Бүгінгі айтысты «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», айтыскер ақын Байдаулетов Мамыр жүргізіп, жас ақындардың өнерін мәдениет саласының ардагері, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Құдайберген Шыманов төрағалық етіп, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, халықаралық дәрежедегі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов пен айтыскер ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Қызылорда филиалы бойынша төрағасы-қазылар алқасының мүшесі Нұрмат Мансұров қазылық жасады.

Қазылар алқасының шешімімен аламан айтыстың бас жүлдесіне сырдариялық ақын Ерасыл Байментай лайық деп танылса, жүлделі бірінші орынды Арал ауданының намысын қорғаған Бексұлтан Орынбасаров, екінші орынды Қызылорда қаласынан келген Мөлдір Айтбай, ал қазалылық Бекзат Серіков үшінші орынды иеленді.

Сонымен қатар, айтысқа қатысушы ақындар Шиелі ауданынан келген Бекжан Ержігіт, Қармақшы ауданынан Тұрар Бекмырзаев пен Сырым Әділбеков, Сырдария ауданынан Мұхамеджан Мансұровқа ынталандыру сыйлығы
берілді.

Айта кетер болса, Заметдин Ибадуллаев суырыпсалма өнерімен туған жерде шыңдалып, 1980 жылдан айтыс сахнасына шыққан.
Заңғар ақын 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысында жеңімпаз болды. 1986 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында топ жарды. Өтірік өлең айтысының үлгісін көрсетіп, елге белгілі болды.
Ақынның көзі тірісінде «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар», «Бағдары ауған пенделер» атты кітаптары жарық көрді. Көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанған.

БӨЛІСУ