Қызылорда облысы прокуратурасының Алқа отырысында мемлекеттік кірістер органдарының 2021-2022ж.ж. және а.ж. өткен мерзіміндегі қызметінде салық заңнамасының сақталуына жүргізілген тексерістің қорытындысы талқыланды.
Есепті мерзімде салық органдары камералдық бақылау нәтижесімен қалыптастырған 40 млрд теңгені құрайтын 1 719 хабарлама орындалмаған (барлығы 255 млрд теңгеге 13 мың хабарлама берілген).
Алайда салық органдары анықталған бұзушылықтар бойынша банктік шоттарды жабумен шектеліп, оларды жоюға табандылық танытпай, тексеру жүргізбеген.
Жекелеген жағдайда банктік шығыстарын тоқтата тұруды қолданбау, кеш қолдану және негізсіз кері қайтаруға жол берілген.
Оған қоса камералдық бақылаумен салық төлеушілерге хабархат берудің орнына хабарлама қалыптастырылып, банктік шығыс операциялары заңсыз тоқтатылған.
Қазіргі уақытта банкрот деп танылған 119 мекеменің кредиторлар алдында 7 млрд теңге қарызы қалыптасқан, оның 5,6 млрд теңгесі салықтық берешек болып табылады.
Банкроттық рәсіммен аталған соманың небәрі 179 млн теңгесі (немесе 2,5%) өндірілген, соның ішінде 36 млн теңгесі ғана салықтық берешекті құрайды.
Соңғы үш жылда 3,9 млрд теңге қарызы болған 51 мекеме банкроттық рәсіммен таратылған.
Алайда аталған банкроттық рәсіммен небәрі 25,3 млн теңге (немесе 0,6 %) өндірілген. Оның 13,6 млн теңгесін (53,7%) әкімшілік шығыстар үшін банкроттық басқарушылар алса, қалған 11,6 млн теңгесі ғана (46,3%) мемлекетке төленген.
Мемлекеттік кірістер органдарының тарапынан тиісті бақылаудың жүргізілмеуінен банкроттық және оңалту рәсімі қолданылған борышкерлердің меншігінен мүліктердің заңсыз шығарылғаны, иеліктен шығарылған мүлікті қайтарудың 3 жылдық мерзімін өткізіп, банкроттыққа берілетіні белгілі болды.
Жалған банкроттықтың белгілері бар мекемелерге қатысты процестік шешімнің қабылданбайтыны, әдейі банкроттық белгілері бар ұйымдарды жасыратыны және банкроттық рәсім барысында мүліктер сатылмай созбалаңға салынғаны анықталды.
Мысалы, 200 млн теңге қарызы бар «КУТТ» ЖШС 2015 жылғы соттың шешімімен банкрот деп танылып, бүгінгі күнге дейін банкроттық рәсім аяқталмаған.
Борышкердің иелігінде 4 арнайы техника мен 140 автокөлік тіркелгенімен, 8 жылғы банкроттық рәсіммен небәрі 9,9 млн теңге өндірілген. Оның 5,2 млн теңгесі банкроттықты басқарушының әкімшілік шығынына өтелген.
Осылайша банкроттықты басқарушы борышкердің мүліктерін сатып, кредиторлар алдындағы қарызды, оның ішінде 127 млн теңгеге салықты өндіруге нақты шаралар қабылдамаған.
Бұл ретте Мемлекеттік кірістер департаментінің тарапынан бақылау өз дәрежесінде жүргізілмеген.
Сонымен қатар жалған шот-фактура жазған 101 салық төлеуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 280-бабымен, камералдық бақылаудың 472 хабарламасын орындамаған 389 салық төлеуші ӘҚБтК-нің 288-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны анықталды.
Ескіру мерзімі өткен 672 факті бойынша заңсыз әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны және салықтық есептіліктерді тапсырмаудың 3 жылдық фактілерін жинап, ӘҚБтК-тің 272-бабының 1-тармағымен бір рет жауаптылыққа тартудың заңсыз тәжірибесінің қалыптасқаны бекітілді.
Отырыста аталған мәселелер талқыланып, қорытындысымен облыс прокуроры Н. Бижанов Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына анықталған бұзушылықтарды жоюға және алдағы уақытта болдырмауға жаңа форматтағы кешенді шаралар қолдануды ұсынды.
Заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғалар тиісті жауаптылыққа тартылатын болады.

Қызылорда облысының прокуратурасы

БӨЛІСУ