Аймағымыздағы 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша 20 маусымнан бастап оқуға құжаттарды қабылдауда. Бүгінгі күнге дейін яғни, 7 күн ішінде 400-ге жуық талапкердің құжаттары қабылданды. Қабылдау жұмыстары 25 тамызға дейін жалғасады.

Аймақтың еңбек нарығының сұранысына сәйкес 4 668 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы (жергілікті бюджет – 3108, республикалық бюджет – 1560) бөлінді, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев.

Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау үрдісі автоматтандырылды. Құжаттар Egov.kz электронды үкімет порталы және тікелей колледжге барып электронды платформа арқылы қабылданады. Сондай-ақ қабылдау колледждерде дәстүрлі қағаз форматында да жүзеге асырылады.

Сонымен қатар талапкерлер кәсіби диагностикадан өтеді. Сондай-ақ, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №578 бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, талапкерлер оқуға өтініш білдірген уақытта бірден 4 мамандықты таңдап, еліміздің 4 колледжіне құжат тапсыра алады.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 9-сынып талапкерлері арасындағы конкурс 25 маусым және 18 тамыз аралығында өтеді. Ал, 11-сынып және колледж түлектері арасындағы байқау 25 маусым мен 20 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандықтарына түсетіндер үшін байқау 29 шілде мен 2 тамыз аралығында өткізіледі.

Былтырдан бастап квота санаттарының тізімі кеңейтілді. Квота 9 санатқа беріледі. Конкурс кезінде талапкерлердің білім туралы құжатының орташа балы, сондай-ақ ҚР Үкіметінің №264 қаулысына сәйкес квота санаты ескеріледі. Ұпайлар тең болған жағдайда квота санаты мен сертификаттың орташа балы есепке алынады», – деп атап өтті Бекжан Шакизатұлы.

БӨЛІСУ