Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті алғаш рет әлемнің үздік ЖОО қатарына енді. Сәйкесінше, рейтинг бойынша университет әлемдегі 1201 орында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова мәлімдеді.
Рейтингке әлемнің 104 елінен 2963 жоғары оқу орны қатысқан. Көрсеткішке 1499 ЖОО енді, оның ішінде 21-і қазақстандық университет.
-Бүгінде оқу орнында 10 168 адам білім алып, биыл оның 3084 бітіруші түлегіне диплом табысталды. Сондай-ақ 2022-2023 оқу жылында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 269 студент, университетімізде республиканың жоғары оқу орындарынан 115 студент білім алды. Одан бөлек, биыл 14 оқытушымыз «500 ғалым» жобасы бойынша шәкіртақы иегері атанды. Олар Германия, Улыбритания, Швейцария, Ресей, Азербайджанның жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін мемлекет есебінен тағылымдамадан өтуді бастайды. Университетте әлем чемпионатының – 9, Азия чемпионатының – 23, Қазақстан чемпионатының 125 жеңімпазы мен жүлдегерлері білім алады. Бүгінде оқу ордасында 13 спорт секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқушылар сарайында орналасқан кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, Open Space форматындағы жаңа заманауи үлгідегі кітапханаға айналды. Мұнда студенттер үшін барлық жағдай жасалған. 30 орындық конференц-зал, 10 орындық шағын зал және сабақ өткізуге және Wi-Fi желісіне кіруге арналған жеке жұмсақ бұрыштар бар,-деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Айта кетейік, университеттің Оңтүстік Кореямен халықаралық байланысы кеңейді. Корея Республикасы Үкіметінің қаржыландыруы есебінен Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп «IT кафедраларын қайта құрылымдау және жасанды интеллекттің жаңа мектебін құру» жобасы әзірленді.