Арал ауданы әкімдігінде «Бірге – таза Қазақстан!» көктемгі экологиялық екі айлық акциясында жасалған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды. Мәжілісте Арал қаласындағы арнайы бөлініске сәйкес әр сектор жетекшілері атқарған іс-шараларын баяндады.

Жиында аудан әкімі Серік Сермағамбетов сенбілік жұмыстары аяқталғанымен белгіленбеген орындарға қоқыс тастау деректерін азайту бойынша қажетті шараларды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ жауапты қызметкерлерге әр сектор бойынша тұрғындармен кездесуді ұдайы өткізіп, халықтың ұсыныс-тілектерін ескерусіз қалдырмау қажеттігіне тоқталды.

Мұнан соң жиында көктемгі санитарлық-тазалық шарасына белсенді қатысып, туған жердің табиғатын сақтау мен қорғау шараларына қатысқан бір топ азамат марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ экологиялық акцияда бекітілген аумақтың тазалығына асқан жауапкершілікпен қарап, ұжымдық ауызбірліктің үлгісін көрсеткені үшін мекемелер «ҮЗДІК ҰЖЫМ» номинациясына ие болды.
Ал елеулі қызметі үшін «ҮЗДІК ТӘРТІП САҚШЫСЫ» номинациясы учаскелік полиция инспекторы Ермек Бармағамбетовке табысталды. Санитарлық тазалық шарасында ұйымдастыру шеберлігі үшін секторлар арасында Талғат Сүлейменов жетекшілік ететін І сектор «ҮЗДІК СЕКТОР» номинациясымен марапатталды.

Айта кетейік, жыл басынан бері ауданда 12 рет сенбілік өткізіліп, орташа есеппен әр апта сайын 1500-ға жуық адам мен 8 техника қамтылды. Сенбіліктер барысында аудан бойынша 1200 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды

БӨЛІСУ