Жыл басынан бері 109 бірыңғай байланыс орталығына облыс тұрғындарынан 76 мыңнан астам хабарлама келіп түскен. Оның 99,3 пайызы жедел қоңырау болса, 0,7 пайызы әлеуметтік желілер арқылы өз шағымдарын жеткізген. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры Руслан Бүркітбаев БАҚ өкілдеріне 109 бірыңғай байланыс орталығының қызметін таныстырып, алдағы міндеттерді баяндап өтті.

-109 бірыңғай байланыс орталығы 2020 жылдан бастап өз жұмысын бастады. Біздің мекемеде жалпы саны – 28 қызметкер бекітілген кезекшілікке сәйкес тәулік бойы облыс тұрғындарынан келіп түскен хабарламаларға жауап береді. Қоңырауды қабылдаған диспетчер мамандар тиісті мекемелерге жолдап, мәселені дер кезінде шешуге ықпал жасайды. Біздің мекемеге келіп түскен хабарламалар былтырғы жылмен салыстырғанда 30 мыңға көбейіп отыр. Бұл дегеніміз аймақ тұрғындарының 109 бірыңғай байланыс орталығына сенім артқанын көрсетеді. Жалпы бір тұрғынан келетін қоңырауды қабылдап оған толықтай жауап беру 18 секундты құрайды. Осы арқылы біздің орталық республика көлемінде алдыңғы қатарда жұмыс істеуде. Сонымен қатар біздің орталықта қалыптасқан білім қоры бар. Бұл қорда соңғы 3 жылдағы хабарламалардың тізімі сақталған. Қазіргі таңда 109 бірыңғай байланыс орталығын одан әрі дамыту және трансформация жасау бойынша қажетті шаралар қолға алынды. Осы арқылы облыс көлемінде Call-орталық қағидатын қалыптастыруды жоспарлаудамыз, – деді Руслан Бейбітбекұлы.

Айта кетейік, 109 бірыңғай байланыс орталығы 24/7 режимінде халыққа қызмет етеді. Сондай-ақ, «Көмек-109» мобильді қосымшасы мен @kyzylorda109_user_bot телеграмм боты арқылы өтінім жіберуге мүмкіндік қарастырылған.

БӨЛІСУ