Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Сыр өңірінде бастау алған жастарды әлеуметтендіруге бағытталған мүмкіндіктер керуені аясында республикалық «TULGA BOL» жылжымалы жәрмеңке және консультациялар автобусы Сырдария ауданында жалғасын тапты.
Сырдария ауданында ең бірінші рет тәжірибелік үлгіде 2019 жылы құрылған «Еңбек бригадасы» қазіргі таңда қатарына 200-ден астам жастың басын біріктіріп, еңбекпен қамтып отырған бірден-бір аудан. Әсіресе, «NEET» санатындағы және жұмыссыз жастарға басымдық беріліп, аудан, ауылдарға қажетті мамандықтарға жастарды тарту көзделген бұл жоба қазіргі таңда жолға қойылған.
Жастарға құқықтық кеңес, аудан, ауыл жастарын еңбекпен қамту, кәсіпкерлік бағыттағы кеңестер, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде толығырақ ақпарат беру көзделген шарада аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы мен облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Әшімұлы және облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Yerlan Sissenbiyev қатысушыларға сәттілік тілеп, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді мейлінше пайдалануға шақырды. Шара аясында аудан әкімінің орынбасары жастар мен аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткізді.
Жәрмеңкеде жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, кәсіптік бағдар беру, тұрғын үй мәселесі, жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беру жолдары, «Кітап сыйла» акциясы тиісті сала мамандарының қатысуымен ұйымдастырылып, оған жұмыссыз, базар жастары, бітіруші түлектер қатысты.
Шара аясында орталық алаңда спорттық сайыстар өткізіп, жеңімпаздарға арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жылжымалы жәрмеңке бағытындағы шаралар Қазалы, Жалағаш, Қармақшы, Шиелі аудандарының жастарына өкізіліп, аудандарға қарасты елді-мекендерде өз жалғасын табуда.