Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, қабылдау өткізді.
Шараға облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Еспенбетов, аудан прокурорының орынбасары Ғ.Дүйсенбаев, дербес бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері қатысты.
– Мемлекет пен қоғамға қызмет ету – әрбір азамат үшін абыройлы іс. Еліміздің гүлденуі мен экономикамыздың дамуы жолында мемлекеттік қызметшінің қосар үлесі ерекше. Мемлекеттік қызметшілер жұмыста қарапайым, өмірде өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан ел үшін қызмет ету – мерейлі міндет, зор абырой.
Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте толағай табыс тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің түрлі саласында еңбек етіп жүрген мамандар облыс және аудан әкімінің алғыс хатымен, арнайы мемлекеттік қызметкерлерге арналған төс белгімен марапатталды.
Жалпы, ауданда жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жалпы штаттық саны 128 бірлікті құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы қазір 40 жас болса, орташа еңбек өтіл 10 жыл. Аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметшілердің 48-і әйел. Қазіргі уақытта 119 мемлекеттік қызметші нақты жұмыс жасауда.