Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан Шәкен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Елді мекендегі №134 мектепте өткен кездесуде Мұхтар Әуесұлы:

– Бұған дейін ауданға қарасты ауылдық округтердің тұрғындарымен жүздесіп, жыл басынан бері елде атқарылған жұмыстармен бөлістім. Ал енді бүгін Сіздермен кездесудің сәті түсіп отыр. Қазалы ауданында оң шешімін тауып жатқан шаруалар аз емес. Мұны естіп, көріп жүрген де боларсыздар. Алға қойған жоспарларымыз да өте көп. Барлығы кезең-кезеңімен ретін тауып келеді. Оның ішінде Шәкен ауылы үшін де жағымды жаңалықтарымыз болады. Тек шалғайдағы ағайын ауызбіршілікте болып, сабырлық танытуы қажет, – деді аудан басшысы.

Атқарылған жұмыстармен жан-жақты танысқан тұрғындар өздерін толғандырған ұсыныстарын да ортаға салды. Шәкендіктердің басым көпшілігі аудан орталығына қатынайтын жол мәселесі алаңдататындығын айтып, жөнделуін сұрады.

Сондай-ақ, бұлақ, трансформатор орнату, түнгі жарықшам мәселелерін шешу керек екенін айтқан тұрғындар жедел жәрдем көлігінің жайын да жасырып қалмады. Қойылған талаптардың орынды екенін айтқан Мұхтар Әуесұлы барлығын толықтай түсіндіріп, әрбір халықтың ұсынысы ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

©️Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ