Қалалық қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде «Жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық) қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға сараланатын тарифтi белгiлеу туралы», «Тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 280-53/4 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының шешім жобасы туралы, Қызылорда қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы, Қызылорда қаласы әкімдігінің «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі, Қызылорда қалалық мәслихатының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №198-28/2 «2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелері енгізіліп, талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директор орынбасары С.Айменовтың «Жолаушылар мен багажды қалалық (ауылдық) қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға сараланатын тарифтi белгiлеу туралы» хабарламасы тындалынды.
Бүгінгі таңда, «ALEMPAY» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері арқылы немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Сараланған тариф 2021 жылдың қаңтар айынан электронды түрде төлем 85 теңге, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген.
Қалалық мәслихаттын алда өтетін сессиясына серіктестік қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс берілетін болады. Электронды түрде төлем ақысы 85 теңге, оқушылар үшін жол ақысы – 40 теңге болып қала бермек.
Бұл өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Жаңашылдық қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді, автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырып келеді.
Қоғамдық кеңес тарапынан Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерде зейнетке шыққан барлық зейнеткерлерге 30% немесе 50% жеңілдік қарастыру және мүгедектігі бар балаларға қоғамдық көліктерде жеңілдік түрін қарастыруға ұсыныс берілді.
Сонымен қатар күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысының орынбасары С.Сейдахмет, Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б. Амангелдиев, Қала әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Б.Шайкамалов хабарлама жасап, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауаптар берді.