Парламент Мәжілісіне Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралы делегациясы келді. Делегация палата вице-спикері Дания Еспаевамен және парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі топ мүшелерімен кездесті. Дания Еспаева елдеріміздің саяси жолдағы ынтымақтастығы терең тарихи байланыстарға негізделіп, өзара құрмет пен сенім рухында дамып келе жатқанын айтты. – Моңғолия – Қазақстанның Азия өңіріндегі маңызды серіктестерінің бірі. Биыл Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынас пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл толады. Біздің қарым-қатынасымыз өзара сенімге, мәдениеттеріміз бен дәстүрлеріміздің ұқсастығына негізделген, – деді Д.Еспаева. Төраға орынбасары бұл сапардың Қазақстан-Моңғолия байланысын жан-жақты нығайтуға және кеңейтуге зор серпін беретінін айтып, кездесу үшін алғыс білдірді. Бұдан соң делегация «Қазақстан-Моңғолия» парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі топ мүшелерімен кездесті.  Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, «Моңғолия-Қазақстан» парламенттік достық тобының жетекшісі, делегация басшысы Бәделхан Қабдисламұлы ел көппартиялы жүйеге көшіп, мемлекеттік деңгейде үлкен саяси реформалар жүріп жатқанын айтты. – Депутаттар аралас жүйемен сайланатын етіп, заңға өзгеріс енгіздік. Келесі жылы 76 депутат – округтерден, 48 депутат – партиядан сайланатын болады. 2003 жылы сіздің Парламент басшылары Монғолияға келіп, парламентаралық келіссөз жүргізген. Содан бері бұл байланыс баяулап қалыпты. Оны жандандырып, жаңа сатыға шығаруымыз қажет, – деді Б.Қабдисламұлы. «Қазақстан-Моңғолия» парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісі Нұртай Сабильянов шілде айында Монғолияда қазақтардың кіші құрылтайы өтетінін және оған Мәжіліс депутаттары арнайы барып қатысатынын жеткізді.  – Монғолия мен Қазақстан бауырлас, жақын ел. Екі мемлекеттің ынтымақтастығын дамытуға әрқашан атсалысамыз. Өйткені бұл заң шығарудағы бір-біріміздің бай тәжірибемізбен алмасып, заңдарымызды жетілдіру үшін маңызды. Сіздер жүргізген реформаларға көңіліміз толып отыр, – деді Н.Сабильянов. Сондай-ақ Нұртай Сабильянов екі ел арасындағы сауда байланысын жетілдіру жөніндегі ұсынысын айтты. Сапар барысында делегацияға елордаға экскурсия ұйымдастырылып, Мәжіліс үйі мен оның қызметі танысытырылды.

БӨЛІСУ