Бүгін ауданда 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты шара өтті.
Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік қызметшілермен қатар сала ардагерлері де шақырылды.
Кешті мемлекеттік қызметкерлер хормен ән орындап ашты. Мұнан соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сала мамандарын мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Мемлекеттік қызмет – елдің сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асыру. Бұл – бәріміз үшін де жауапты қызмет.
Ауданымыздың дамуы Сіздердің іскерліктеріңізге, тәжірибелеріңіз бен талпыныстарыңызға тікелей байланысты.
«Басты міндет – елге қызмет!» деген мазмұны терең, міндеті жауапты сөзді еске сала отырып, мемлекеттік қызметші деген абыройлы атаққа үнемі лайықты болуларыңызға тілектеспін.
Осындай жауапты жұмыстағы еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан мемлекеттік қызметшілерге облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» табыстады.
Шарада жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұрала биледі. Сонымен қатар сала ардагерлері де назардан тыс қалмай, оларға аудан әкімінің арнайы сый-сияпаттары табысталды.
Айта кетейік, аталған кеште Тасарық ауылдық округінің жетекші маманы Ғизат Кемали мен Шәкен ауылдық округінің жетекші маманы Жамбыл Баймаханов салтанатты түрде ант қабылдады.