Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидасын құрып, еркін алаяқтықпен айналысқан 2 ұйымды анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде, заңсыз ұйымның өкілдері азаматтарды өздеріне салымшы ретінде тартып, қомақты қаржысын иеленгені белгілі болды. Осыған байланысты жауапты сала мамандары тұрғындарды жеке мәліметтерін бергенде сақ болуға шақырды.

– Қызылорда облысында алаяқтықпен айналысқан екі ұйым құрықталды. Оның бірі – «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясы азаматтарды медициналық өнімдерге салымшы ретінде шақырған. Ал «Qnet» компаниясы қаржы пирамидасын еркін жүргізген. Қазіргі таңда алаяқтыққа барған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Осы ұйымдарға тіркелген тұрғындар болса тиісті құқық қорғау органдарына хабарласуларыңызды сұраймыз. Біздің департамент мамандары қаржылық алаяқтыққа қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында облыс тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын үзбей жүргізіп келеді. Тағы бір айта кететін жәйт, қазіргі таңда пәтер немесе жер алып беруге уәде етіп, қомақты қаржы алатындар да көбеюде. Бұл ретте облыс тұрғындарына айтарымыз, белгілі бір ұйымға қаржы аудармас бұрын нақты біліп, жіті тексеріп алған жөн. Кез келген адамға жеке мәліметтерді жіберуден сақтанған абзал, – деді Ерлан Қасқырбайұлы.

Алаяқтарға алданып, сан соғып қалмас үшін, қаржы пирамидасының мына белгілеріне назар аударған жөн.
Нарықтағы деңгейден бірнеше есе жоғары табысқа кепілдік береді. Қазір нарық заманы болғандықтан, заңды инвестициялық компаниялар жоғары кірістілікке кепіл бере алмайды. Бұған заңнамамен тыйым салынған. Ал егер әлдекім 100 пайыз мол пайдаға кенелесіз деп уәде берсе, онда бұл алаяқтық белгісі.
Ұйымға тартқан әрбір клиент үшін сыйақы уәде етеді.
Қажетті лицензиясы болмайды. Заңды ұйымда қаржы нарығында ақша тарту бойынша қызметті жүзеге асыруға рұқсат беретін өкілетті органның лицензиясы болуы шарт. Егер лицензия болмаса, оған ақшаңызды бере салуға асықпаңыз. Өйткені мұндай компаниялар Қаржы мониторингі агенттігіне бағынбайды. Яғни сіздің құқығыңыз бен мүддеңізді ешкім қорғай алмайды.
Компанияға мүше болу үшін міндетті түрде жарна талап етеді. Әдетте, бұл қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар үшін негізгі табыс көзі саналады.
Қаржы пирамидасының өз қаражаты, қымбат активтері болмайды. Егер бағалы мүлкі, капиталы болса, салымшылардың ақшасын жартылай болсын қайтаруға болар еді.
Әлеуметтік желілерде агрессивті жарнама науқанын жүргізеді. Жарнама аз уақытта көп адам тартуға бағытталған және онда қаржы пирамидасының құрылтайшыларына ғана тиімді мағлұмат айтылады. Яғни, жарнама берушілер клиенттерге қандай тәуекелдер мен қауіп-қатерге тап болатынын ескертпейді.
Компанияның нақты немен айналысатыны құпия болып қалады. Бұл ретте ұйым иелері мен басшылығы туралы ақпаратты мұқият зерделеп шыққан абзал. Компанияның қайда тіркелгенін білу де өте маңызды. Егер басшылық туралы мәлімет табылмай, ал компанияның өзі оффшорлық аймақта тіркелсе, мұндай ұйымға ақшаны сеніп тапсырмаған дұрыс. Өйткені қаржы пирамидасының ерекше белгілерінің бірі – құрылтайшылары ман басшылары шетелде тұрады және шетелдік мемлекеттің азаматы болады.
Жеке кездесуде ғана консультация береді. Себебі жеке кездесуде түрлі психологиялық амал-шарғыларды қолданып, адамның сеніміне кіріп, алдап-арбау оңайға түседі.
Келісімшартқа ойланбай қол қоюға үндейді. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалмау үшін келісімшарт үлгісін сұрап алып, үйде мұқият оқып шығу керек. Құжаттың заңды күші бар ма, жоқ па, соған назар аударған жөн.
Компания корпоративтік шараларға, сыйлықтар мен жолдамалардың ұтыс ойынына қатысуға шақырады. Бұл пирамидаға жаңа салымшыларды тартудың кең таралған әдістерінің бірі.
Компания ақшаны қандай жолмен қабылдайтынына назар аударыңыз. Көптеген күмәнді компания ақшаны қолма-қол немесе интернет-төлем арқылы қабылдайды.
Жарнама жасағанда мына сөздерді жиі пайдаланады: “бірегей”, “мол пайда әкелетін бизнес”, “жоғары кіріске кепілдік береміз” және тағы басқа.
БӨЛІСУ