Сот әкімшілігі бойынша халықаралық қауымдастық президенті Луис Пальма Қазақстанға келді.
Қазақстанға ресми сапары аясында Сот әкімшілігі бойынша халықаралық қауымдастық (СӘХҚ) президенті Луис Пальма Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаевпен және Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараевпен кездесті.
Іс-шараларға Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты.
Кездесулерде жоғары мәртебелі мейман Қазақстанның сот менеджментіндегі өзгерістер өзін қызықтырғанын, оларды толығырақ зерделеу және СӘХҚ-ға Орталық Азия елдері өкілдерінің кеңінен қатысу мүмкіндігін қарастыру мақсатында келгенін атап өтті. Жоғарғы Сотта Л.Пальма сот ісін жүргізуге енгізілген IT-сервистермен жан-жақты танысып, сот талдауының мүмкіндіктері мен электрондық сот ісін жүргізуді даму ауқымына қызығушылық танытты.
Мейманға Ахуалдық орталықтың мультипликативтік мүмкіндіктері таныстырылды. Ол нақты уақыт режимінде республиканың барлық 398 сотынан 750-ден астам көрсеткіш бойынша ақпара жинанап, талдайды. Оның ішінде Ахуалдық орталық істерді қараудың процестік мерзімдерін, сот процестерін аудио-, бейнетіркеу жүйелерін қолдануды, статистиканы, желілік инфрақұрылымды, ақпараттық қауіпсіздікті және т.б. бақылайды. Бұл барлық істердің 95% -ын онлайн режимге ауыстыруға, туындаған мәселелерді жедел шешуге, сот ісін жүргізу сапасын арттыруға, сот ісін жүргізуге жасанды интеллект элементтерін енгізуге және сот актілерін дайындау бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік береді. Кездесу барысында сондай-ақ соттарды біріктіру және аумақтан тыс соттылық жобалары, соттар инфрақұрылымын дамыту туралы сөз болды.
Коммуникациялар орталығында ақпараттық кеңістіктің мониторингі, БАҚ-пен және жұртшылықпен «кері байланыс» жұмыстағы басымдықтар ретінде аталды. СӘХА президенті сұрақтарға толық жауап алып, қазақстандық электрондық сот төрелігін функционалдық сот төрелігі деп атады және оның даму деңгейіне, сот ақпаратына қолжетімділікке, жалпы Сот әкімшілігі саласындағы өзгерістерге таңданысын жеткізді.
Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев жоғары мәртебелі мейманмен кездесу кезінде СӘХҚ-мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тиімді ынтымақтастықты, 2019 жылы Астанада осы беделді ұйымның 14-ші отырысы өткізілгенін, Қазақстанда және бұрынғы кеңестік кеңістікте сот әкімшілігінің жаңа моделі пайда болғанын атап өтті.
Кездесу барысында СӘХҚ президенті мен Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің басшысы «Ынтымақтастық туралы меморандумға» қол қойды. Құжат судьялар мен сот қызметкерлерінің тараптар ұйымдастыратын білім беру бағдарламаларына, семинарлар мен конференцияларға қатысуын, сот төрелігін іске асыруды, Сот әкімшілігі жүйесін жетілдіруді, соттардың қызметін бағалауды және басқаруды, автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді, сот төрелігіне қолжетімділікті дамытуды, соттардың есептілігін, сондай-ақ жария коммуникация мәселелері бойынша білім және өзара тәжірибе алмасуды қамтиды.
Кездесу соңында тараптар сот-құқық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Ақпараттық технологияларды соттардың қызметіне енгізу бойынша қазақстандық тәжірибені зерделеу мақсатында республикаға бірнеше еуропалық мемлекеттердің, БАӘ, Египет, Ресей, АҚШ және басқа да шет елдердің өкілдері келгені назар аудартады.
Сапар аясында СӘХҚ президенті «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру» жобасы аясында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі ұйымдастыратын «Сот әкімшілігі тәуелсіз сот төрелігі үшін: әлемдік стандарттар және үздік практикалар» атты халықаралық дөңгелек үстелдің жұмысына қатысады.
Сот әкімшілігі бойынша халықаралық қауымдастық (СӘХҚ) 2004 жылы Люблянада (Словения) құрылған, кеңсесі – Вирджинияда (АҚШ) орналасқан. Қазақстан 2015 жылдан бері СӘХҚ-ға мүшесі болып саналады.
СӘХҚ құрамында қазір 100-ден астам елдің өкілдері, соның ішінде АҚШ, Қытай, Канада, Жапония, Германия, Франция және т.б. бар. СӘХҚ мүшелігі сот әкімшілігін ұйымдастырудағы озық тәсілдер бойынша тұрақты тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейде табысты деп танылған сот әкімшілігінің қазақстандық тәжірибесін таныстыруға мүмкіндік береді.