Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жаңадария, Аламесек, Еңбек және Аққұм ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, 2023 жылдың 5 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы атқарылатын жұмыстар туралы айтты.

Есепті кездесу Жаңадария ауылынан басталды. Ерте көктемнен егістің қамына кіріскен жаңадариялықтар «Іңкәрдария» каналының 7,5 шақырымына тазалау жұмыстарын жүргізіп, бүгінгі күні Жаңадария ауылдық округіндегі “Игенбай”, “Атжайған” учаскелеріне картоп, бақша дақылдарын орналастырған. Халықтың еңбегін ескерген аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан бау-бақша өнімдерін сатуға жер белгіленіп, жуырда шағын базар құрылысы басталады.

Қазіргі таңда ауыл халқының ұсынысына сәйкес балалар ойын алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

 Сондай-ақ, аудан әкімі Есет батыр ауылының тұрғындарына жоба құны 410,1 млн. теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы шілде айында басталатынын айтты. Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындары көтеріп келген ауыз су мәселесі, Есет батыр ауылының 5 көшесін күрделі жөндеу және тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылған. Жыл соңына дейін үнемделген қаражаттардан немесе 2024 жылы күрмеуі шешілмеген ұсыныстардың орындалатынын жеткізді.

Кездесуге келген халықпен еркін пікір алмасқан аудан басшысы ақсақалдардың батасын алып, Еңбек және Аққұм ауылдарының тұрғындарымен дидарласты.

2023 жылы 2 ауылдың ішкі көшелерінде орналасқан түнгі жарықшамдар заманауи түрлі-түсті кескіндегі шамдармен ауыстырылды. Елді мекендегі санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, күл-қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілуде.

Асқарбек Есжанов ауылдағы тұрғындардың ұсынысын тыңдап, ауылдың әлеуетін дамыту мақсатында сала бойынша жауапты орынбасарлар мен ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бүгінгі есепті кездесулер Қаракеткен, М. Шәменов, Бұқарбай батыр, Таң ауылдарында жалғасады.

БӨЛІСУ