Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен келді.
Жұмыс жоспарына сәйкес №312 су тоспа бекетінің жағдайымен танысты.
Ауданда 21 дана су тоспа құрылыстары бар. 2022 жылы №278, №142 бекеттеріне, 2023 жылы №75, №505 бекеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шаруалардың ұсынысына сәйкес 2024 жылы №312 бекетке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Су тоспа бекетінің жағдайымен танысқан жауапты сала басшыларына «Ер Әлі» шаруа қожалығының 30 га күріш егістігі алқабына орнатылған суды үнемдеудің жаңа технологиясы таныстырылды.
Бұл Қызылорда облысындағы бірінші автоматтандырылған тоспа. Жаңа құрылғы әр литр сайын өзі арқылы өтетін судың мөлшерін есептеп, автономды түрде күн сәулесінен қуат алатын батареяларымен жұмыс істейді.
Сондай-ақ, «Оңтүстік» коллектор арнасындағы суды қайта пайдалану үшін орнатылған насос қондырғыларымен танысты.
Айта кету керек, су тапшылығы жағдайын ескерген аудандағы шаруашылықтар насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді сумен қамтамасыз етуде. Шаруашылықтарда барлығы 14 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде 8 дана насос қондырғысы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен үлестірілсе, 6 дана насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаражаты есебінен алған.
Жалағаш ауданындағы егін науқанының қызу тіршілігімен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Қожаниязов «Агрохимсервис-С» ЖШС-нің түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауытына барды.
«Агрохимсервис-С» ЖШС-нің түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіру зауыты «Бизнестің жол картасы 2020» бағадарламасы арқылы 2020 жылы іске қосылды. Зауыт жылына 50 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқыштарын өндіреді. Қазіргі таңда зауытта 15 адам тұрақты жұмыс жасайды.