Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Аранды және Бозкөл ауылдық округтеріне арнайы барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Басқосуда тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын аудан басшысының назарына ұсынды. Атап айтар болсақ, округтегі балабақшаға меңгеруші қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, ауыз су аяқ су мәселесі және “Актив” байланыс желісінің жылдамдығы төмен екендігін айтылды. Мұхтар Әуесұлы арандылықтардың тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Аудан әкімі Қожабақы ауылына сапары кезінде елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады. Одан кейін №25 орта мектепке аялдап, білім ошағының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Сонымен қатар, «Айгүл» бөбекжай-балабақшасына да барып, тәрбиеленуші балғындардың жағдайын білді.

Бүгінде “Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей” автомобиль жолы орташа жөндеуден өтуде. Мердігер мекеме – “Қазалы-Жолшы” ЖШС-і тарапынан 1,5 шақырымға асфальт төселген. Жауаптыларға жолдың сапалы болуына қатты мән беру қажет екенін айтқан аудан әкімі құрылыстың уақытылы аяқталуын да қаперден шығармауды еске салды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Бозкөл ауылдық округінде жалғасты. Ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосу барысында аудан басшысы атқарылған және алдағы уақытта шешімін табатын жұмыстарға тоқталып, халық жолдаған сауалдарға жауап берді.

Кездесуде округ жұртының басым көпшілігі жұмыссыздық жайын көтерді. Одан бөлек, жол, аяқ су және жайылымдық жерлерге қатысты сұрақтарды ортаға салды. Аудан басшысы барлық тұрғындардың талап-тілегі ескерусіз қалмайтындығын, қажетті шаралар бірлесіп атқарылатындығын жеткізді. Сондай-ақ, айтылған ұсыныстарға байланысты жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов та сөз алып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды екенін тілге тиек етіп, елді ауызбіршілікке шақырды. Кездесуден соң Мұхтар Әуесұлы округте жаңадан бой көтеретін дәрігерлік амбулаторияның орнын көрді.

БӨЛІСУ