ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы жаңа шаралар мен елдегі туризмді дамыту перспективалары талқыланды.

Премьер-Министр тұтынушылардың басым бөлігі сапасы төмен тауарлар саудасына, тауар бағасының көрсетілмеуі және дұрыс көрсетілмеуіне, интернет-дүкендерден ақшаның уақытылы қайтарылмауына шағымданатынын айтты. Осыған орай халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын қолданыстағы ұлттық стандарттарды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізу керек.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді.

Аймақ басшысы биылғы жылдың 5 айында облыс бойынша тұтынушылар құқықтарының бұзылғаны туралы 114 өтініш түскенін атап өтті. Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізген тексеру қорытындысына қарағанда, бұл өтініштердің 87-і қанағаттандырылып, 2,1 млн.теңгенің қайтарылуына ықпал жасалған. Нұрлыбек Машбекұлы аймақта тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын арнайы үйлестіру комиссиясы құрылғанын айтты. Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысына әрбір тұтынушылардың көтерген мәселесін заң аясында қарау, олардың құқықтарын қорғау бағытында түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізу қажеттігін ескертті. Сонымен бірге облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға байланысты әзірленген мақалаларды әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды үйлестіру тапсырылды. Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне тұрғындардан түскен өтініштерді уақытылы әрі сапалы қарап, тұтынушылар мен кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау мақсатында арнайы дайындалған бірыңғай ақпараттық жүйесіне тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру міндеттелді.

Үкімет отырысындағы екінші мәселеге орай өңірдегі тарихи-мәдени және демалыс аймақтарының жұмысын жетілдіру, олардың тазалығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.

Жиналыста күн тәртібінен тыс егін егу науқанының қорытындысы және егісті суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Жауапты сала басшылары вегетация кезеңінде егісті сумен тұрақты қамтамасыз етуге бөлінген лимитті толығымен алуы керек. Мұнан бөлек, ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтау, егілген өнімді уақытылы жинап, тиімді пайдалану жөнінде тапсырмалар жүктелді.

БӨЛІСУ