«Тереңөзек-Шаған» автожолының бойындағы «Қалғандария» көлінің жағасынан коммуналдық “Жағажай” тұрғындарға қызмет көрсетуін бастады.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі жаңа демалыс жағажайының ашылу рәсіміне қатысты. Жұртшылық асыға күткен іс-шараны тамашалауға жүз­деген адам жиналып, жаңа демалыс орнының өз жұмы­сын бастағанын тұрғындар қуанышпен қарсы алды.
Аудан әкімі жағажайға келіп суға түсіп, ойын ойнап, демалуды мақсат еткен тұрғындармен пікірлесті. Сонымен қатар жазғы демалысқа шыққан балалармен сөйлесіп, жағажайдың ашылуымен құттықтады.

– Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз. Осы ретте жергілікті жұртшылықпен жүздесу барысында жаз мезгілінде демалыс жағажайының керектігі айтылған болатын. Тиісті сала басшыларымен ақылдаса келе жағажай үшін орын белгілеп, тазарту жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, жа­ға­­­жай ашуды жолға қойдық. Бүгін соның нәтижесін көріп отырмыз. Байқауымыз­ша, жағажай көпшілікке ұнаған секілді. Кәсіпкерлер де өз саудаларын жасап жатыр. Ендігі мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті бақылауда ұстау. Бұл бәріміз үшін ортақ жұмыс, – деді аудан әкімі.

Жағажайдың ашылуында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Н.Бақтияр демалыс аймағына арнайы тақтайша орнатылып, жадынамалар ілінгенін, сондай-ақ суға шомылудың қауіпсіздік ережелері жөнінде түсін­­дірме жұмыстары күнделікті жүргізіле­тінін айтты. Ал аудандық полиция бөлімінің өкілдері арнайы топ қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға алатынын жеткізді. Айта кету керек, жағажай аумағында денсаулық сақтау саласының мамандарына арналған орын да белгіленген. Сала мамандары қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, алғашқы медициналық көмек көрсетуге әзір. Мұнан бөлек құтқарушылар да жасақталған және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Аудан әкімі жағажай аумағын толық аралап көріп, кент әкімдігіне жарық бағаналарын орнату жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар демалыс орны халық көп жиналатын жайлы мекенге айналатынына сенім білдірді.

БӨЛІСУ