Мәжiлiс депутаттары мүдделi мемлекеттiк органдар өкiлдерiмен бірге әскери қызмет өтеген әскери қызметшiлерге бiлiм беру және басқа да жеңiлдiктер тетiгiн iске асыру мәселелерiн қарады. Талқылау Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанның жетекшілігімен өткен комитеттің кеңейтілген отырысы аясында өтті. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовтың айтуынша, өткен жылы Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстарына бастамашы болды. Атап айтқанда, Қазақстанның Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары қатарында мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген азаматтарға әлеуметтік қолдау пакеті ұсынылды. Соның бір бағыты – оларға білім беруде жеңілдіктер қарастыру. – Біріншіден, қызмет аяқталғаннан кейін екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай ақылы негізде, ал жауынгерлік жоғары нәтиже көрсеткен азаматтар ЖОО есебінен тегін қабылданады. Сонымен қатар ҚР оларды Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихандарсыз қабылдау көзделген, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Сапарходжаев қазіргі таңда 76 жоғары оқу орны бастаманы қолдап, ең лайықты әскери қызметкерге өз қаражаты есебінен гранттар бөлу туралы келісімге қол қойғанын атап өтті. Шамамен 3 мыңға жуық грант бөлінген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов Қорғаныс министрлігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында банктік қарыздар мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру жөнінде мүдделі тараптардың тиісті іс-қимыл алгоритмі әзірленгенін айтты. Бүгінгі таңда 3700 әскери қызметкердің 5500 қарыз бен шағын несие бойынша төлемдері кейінге қалдырылған. Талқылау барысында мәжілісмен Айдос Сарым мерзімді әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарына грантқа түсерде квота бөлуді заңмен белгілеуді ұсынды. – Қаржы министрлігінің мәліметінде ҰБТ-дан өтпей жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша әскери қызмет өткерген азаматтарға оқуға конкурстан тыс гранттар беру талапкерлердің басқа санаттарына қатысты теңсіздік туғызатыны көрсетілген. Алайда жақында Үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында 18 мың білім гранты игерілмей қалғаны айтылды. Бұл үлкен сомалар ғой, неге біз әскери қызметкерлерге квота қоса алмаймыз? – деді Айдос Сарым. – Қорғаныс министрлігінің бастамасын депутаттар мен мемлекеттік органдар қолдайды деп ойлаймын. Пилоттық жоба үшін алғыс білдіреміз, оны әрі қарай дамыту керек.  Осы және басқа да жеңілдіктер заңнамалық қолдауды қажет етеді, – деп қорытындылады талқылауды комитет төрайымы Айгүл Құспан. Отырыс барысында айтылған ұсыныстар негізінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

БӨЛІСУ