Байқоңыр қалалық сотында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам  құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Шараға Байқоңыр қалалық сотының төрағасының міндетін атқарушы М.Оспанов, судья Е.Шевцова, қала прокурорының орынбасары Е.Мусаев, ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігі тергеу бөлімінің бастығы Н.Беркімбаев,  криминалды полиция бөлімінің бастығы А.Баймаханов, пробация бөлімінің бастығы А.Танбаев қатысты.

М.Оспанов өз сөзінде аталған заңнамаға сәйкес, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, яғни азаптау белгілері болмаған кезде лауазымды адамның немесе ресми түрде әрекет ететін адамның не олардың айдап салуымен не олар біле тұрып немесе олардың үнсіз келісімімен басқа адамның тән зардабын және психикалық зардапты қасақана келтіруі  – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын атап өтті.

Е.Шевцова өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегуші адамға сот жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдануы мүмкін не оны сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiне ауыстырылуы мүмкін екендігін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында заңнамадағы жазаны өтеу мәселелеріне қатысты өзгерістер, ҚК-нің 46-бабының жаңа редакцияда  қолданылу мәселелері көтерілді.

Шара соңында тақырып аясындағы баяндамалар жан-жақты талқыланып, заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында қатысушылар өзара пікір алмасты.

БӨЛІСУ