Қызылорда облыстық сотында аймақтық оқу орталығының ұйымдастыруымен «Азаматтық құқық және процесс» секциясы бойынша семинар сабағы өтті.
Облыстық соттың судьясы Н.Қосановтың төрағалығымен өткен семинарға азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьялары, азаматтық істерді қарайтын соттар мен аудандық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Семинарда алғаш болып Жалағаш аудандық сотының судьясы С.Амантаевтың «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» тақырып бойынша дайындаған баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашы АК-ның 117-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскелері жылжымайтын мүлікке жатады. Осыған байланысты жер учаскелеріне құқық туралы талап арыздар АПК-ның 31-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, олардың орналасқан орны бойынша сотқа берілуі тиіс екенін, егер тараптары заңды тұлға құрмай дара кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар болып табылатын жер учаскелеріне құқықтар туралы талап қоюлар жер учаскесі орналасқан жердегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда қаралатынын атап өтті. Сонымен қатар С.Амантаев сотта жер учаскелерін жеке меншікке және пайдалануға беру, сондай-ақ оларды алып қою туралы Жер кодексінің 16, 17, 18, 19-баптарының талаптарына сәйкес шешім қабылдаған мемлекеттік органның өкілеттігін, жер учаскелерінің орналасқан орны мен шекараларын анықтайды, нақты кенттің, қаланың, ауданның немесе облыстың аумағына кіретін жерлерді куәландыратын құқықтық құжаттарды тексеру барасындағы сот практиакасын түсіндірді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе тұрғын үйге меншік құқы туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы Қызылорда қалалық сотының судьясы Н.Жаңабергенқызы баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде осындай санаттағы дауларды жан-жақты және дұрыс шешудi қамтамасыз ету мақсатында iстердi сот қарауына дайындау барысында соттар тараптардың тұрғын үйге құқық меншiктерiн және қосалқы меншiктерiнiң үлес мөлшерiн белгiлейтiн құжаттарды, атап айтқанда қозғалмайтын мүлiктi тiркеу органының үйді кiмнiң атына және қандай үлесте тiркелгенi туралы анықтама, мұраға құқықтылығы туралы куәлiк, сатып алу-сату, сыйлау туралы келiсiмдер, тұрғын үйге немесе оның бөлiгiне меншiк құқығын тану туралы заң күшiне енген сот шешiмдерi және басқалар талап ететінін айта келе, Қызылорда қалалық сотында тұрғын үйге қатысты қаралған азаматтық істердің статистикасын көрсетті.
Келесі болып кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қ.Бержанов «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының “Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы” 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағы бесінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы нормативтік қаулысы аясында баяндама жасады. Баяндамашы Жоғарғы Соттың қаулысында баланы асырап алу кезінде арыз берушінің жұбайының осы балаға қатысты әке болуы анықталса, арызға әке болуын растайтын молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысы қоса берілуі тиіс. Мұндай қорытынды болмаған жағдайда, арыз қайтарылуға жатады деп көрсетілгенін, Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкес аталған тармақтың абзацы Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 4-тармағына, 13-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1-тармағына, 61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкес келмейді деп танылғанын атады.
Семинарды қорытындылаған Н.Қосанов қатысушыларға баяндалған мәселелерді қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

БӨЛІСУ