Бүгін аудан орталығындағы № 260 орта мектепте Арал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға комиссия мүшелері, білім беру ұйымдарының басшылары, сала өкілдері және ата-аналар қатысты.
Отырыста алдымен Абай облысындағы орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Жиында ұрпақ тәрбиесін ұлы құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген әр ата-ана үшін бала болашағы бәрінен қымбат екенін алға тартқан аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов бүгінгі күн тәртібіндегі қаралатын мәселелерге тоқталды.
Одан соң, жаз мезгілінде балаларды сауықтыру ұйымдарының санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы мен дайындық барысы және жазғы демалысын ұйымдастыру туралы аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова баяндады. Қосымша аудандық санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеева мәлімдеді.
Басқосудағы екінші мәселе бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Д. Шакен баяндап, өз сөзінде кәмелет жасқа толмаған балалардың суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларына тоқталды.
Комиссия отырысының қорытындысымен тиісті сала басшыларына балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысы кезеңінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, төтенше оқиғалардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелерін бақылау, автоматты өрт дабыл қондырғыларының жұмыс жасауын қадағалау, жазғы сауықтыру нысандарының санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестігін бақылау және тұрақты негізде кәмелетке толмағандар және ата-аналар арасында су айдындарындағы қауіпсіздік жөнінде түсіндірме жұмыстарын күшейту жүктелді.