Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысқан халықаралық қаржы институттарының және ірі компаниялардың  басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.

Eni S.p.A компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметіне қатысты мәселелер, сондай-ақ Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы маңызды мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспары қарастырылды.

Мемлекет басшысына еліміздің мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөніндегі консорциум жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Қарашығанақта қуаты 4 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Eni S.p.A компаниясы Қазақстанның энергетика саласындағы стратегиялық серіктестерінің бірі екеніне тоқталып, оның еліміздің ірі кен орындарын игеруге үлес қосқанын атап өтті.

Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасына қатысты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Eni S.p.A компаниясы арасындағы қағидалар туралы келісімге қол қойылды.

Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакавамен кездесуде банктің Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығы атап өтілетініне тоқталып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін банк басшылығына алғыс айтты.

Өз кезегінде Масатсугу Асакава Президентке қаржы институтының 2023-2027 жылдарға арналған Қазақстанмен серіктестік стратегиясы жөнінде мәлімет берді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Дүнижүзілік банктің вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Антонелла Бассаниді Дүнижүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банк осы уақытқа дейін Қазақстандағы түрлі жобаларға 8 миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін атап өтіп, қаржы институтының елімізбен серіктестігі жалғасын табатынына сенім білдірді.

Президент елімізде көмірсутегі бейтараптығына жету үшін 2035 жылға дейін жалпы қуаты 10 ГВт «таза» энергия өндірісін іске қосу,  сондай-ақ Транскаспий көлік бағдарын дамыту жобалары жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстан Дүниежүзілік банк тарапынан ұзақмерзімді  инвестицияға мүдделі екенін растады.

Антонелла Бассани Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дүниежүзілік банктің Қазақстанда және Орталық Азия аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ ол жаһандық экономиканың дамуына қатысты өзінің пікірін айтты.

Ал Citigroup компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстонмен кездесу барысында халықаралық қаржы институтының еліміздегі қызметінің перспективалары қарастырылды.

Президент еліміздің қаржы секторындағы цифрлық трансформацияны дамыту ісіндегі компания басшысының күш-жігерін жоғары бағалады.

Дэвид Ливингстон Мемлекет басшысына былтыр Сitibank Kazakhstan Астана халықаралық биржасының Құнды қағаздар орталық депозитарийіне (AIX CSD) мүше болғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл халықаралық институттық инвесторларға өз активтерін AIX депозитарийінде сақтауға мүмкіндік береді.

Polpharma SA компаниясы бақылаушылар кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ фармацевтика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Президентке Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан ірі ғылыми-зерттеу орталығы мен зертхана құрылысының барысы жөнінде мәлімет берілді. Орталықта озық  әлемдік талаптарға сай келетін толық өндірістік цикл іске қосылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшылығының Қазақстандағы фармацевтика өнеркәсібін дамыту қызметіне жоғары баға берді. Сонымен қатар Президент отандық денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін жоғары өндірістік стандарттарды сақтау маңызды екенін атап өтті.

БӨЛІСУ