Бүгін, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың ІІ тоқсандағы есепті кездесуі А.Тоқмағанбетов және Тереңөзек кенті тұрғындарымен жалғасты.

Аудан басшысы кездесуде аймақ бойынша атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, бала тәрбиесіне баса назар аударуды, жасөспірімдер арасындығы құқықтық тәрбиесін тұрақты бақылауға ұстауға шақырды.

Халықты толғандыратын әлеуметтік, проблемалық мәселелерін шешу мақсатында өткізіліп жатқан кездесуге облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Әжікенов, аудан прокуроры А. Кемалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Келдібаев, дербес бөлім мен коммуналдық сала басшылары қатысты.

Биыл А.Тоқмағанбетов елді мекенінде ауылдық дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, Б.Қашқынбаев көшесі жарықтандырылды. Алдағы уақытта, Ш.Мұнарбаев көшесіне асфальттау жұмыстары жүргізілетін болады.

Тереңөзек кенті бойынша И.Тоқтыбаев көшесін орташа жөндеу, оның ішінде тротуар мен темір бетонды лоток орнату жұмыстары, кент орталығына көркейту- көгалдандыру мақсатында А. Иманов орталық көшесіне “жасыл белдеу” жұмыстары жүргізіліп, тал көшеттері отырғызылып, екі жағының шарбақтары жаңаланды. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштердің негізінде А.Тоқмағанбетов көшесі бойындағы “Қаракөл” каналына жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салынды. 2022 жылы демеушілік есебінен А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын жаңғырту жобасы әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Жобада аулаішілік жолдар асфальтталып, қосымша автотұрақтар, жаңа типтегі ойын және спорт алаңдары мен демалыс орындары қарастырылған. Жобада 15 көпқабатты тұрғын үй ауласы қамтылды.

Тұрғындар өз кезегінде, ұсыныс-сұрақтарын қойып, жеке мәселесімен аудан басшысының жеке қабылдауында болды. Көтерілген мәселелер бойынша хаттамаланып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

 Берік Сәрменбаев мұнан кейін ауданға Жетікөл және Бесарық ауылдарында болып, салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмыстарымен танысты.

Жоба құны 381,8 млн. теңгені құрайтын «Бесарық елді мекеніндегі спорт кешені құрылысы» жобасына облыстық бюджеттен 2022 жылы 144, 2 млн. теңге бөлініп, жұмысы басталған болатын.
2023 жылға құрылыс- жұмыстарына 218,2 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда мердігер мекеме «SCS Инжиниринг» ЖШС-мен құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Құрылыс жұмыстарының орындалуы бүгінде 45 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

Ал Жетікөл ауылында жалпы құны 30,9 млн. теңгені құрайтын үш бөлмелі 2 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.
Бүгінгі таңда, мердігер мекеме «Орион LTD» ЖШС-і жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың тамыз айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы салынып жатқан нысандардың ең бастысы сапасына үлкен мән беру керектігін және мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты. Мердігер мекемелердің жұмыстарына сәттілік тілеп, құрылысшыларға алғысын білдірді.

БӨЛІСУ