Биыл Сыр өңірінде 130 мың шаршы метр болатын 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынуда. Тұрғын үй салудан бөлек, өңірде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым жүйелерін дамыту жобалары да қарқынды жүзеге асуда. Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.
Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда. Өткен жылы 6 ауыл «көгілдір отынға» қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жеткен. Биыл 12 елді мекенді газдандырған соң бұл көрсеткішті 75 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
Айта кейтейік, биыл Шиелі ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысын аяқтап, тамыз айында 72 отбасына пәтер кілті табыстау жоспарда.
Ауыз су мәселесіне келер болсақ, биылғы жылы Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекендеріне таза ауыз су жүйесі жүргізілетін болады.
Көгілдір отынның жайына келер болсақ, бүгінде Аудан бойынша Шиелі кенті және Ы. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н. Бекежанов, Ш. Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары толық көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 68 пайызын құрап отыр. Биыл тағы 6 елді мекенді: Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Досбол Датқа, Бестам елді мекендерін көгілдір отынға қосу жоспарланып, жұмыстар басталып кетті.