Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов облыстық Партиялық бақылау комиссиясы және жауапты басқарма өкілдерімен бірге Арал ауданында болып, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Жол картасына енгізілген құрылыс нысандарына мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Партия филиалының төрағасы жұмысты Жақсықылыш елді мекеніндегі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінен бастады.

Бұл нысан құрылысын «Системы безопасности-НС» ЖШС мердігер мекемесі бастап жүргізіп, құрылысты аяқтамай тастап кеткен болатын. Қазіргі таңда кешеннің құрылысын жаңа мердігер «Өмірзақ» ЖШС жалғастыруда. Құрылыс-монтаждауды жүргізу мерзімі 15.07.2020 – 15.01.2021ж. 90% пайыз құрылыс жұмыстары аяқталып, осы жылдың маусым айында нысанды іске қосу жоспарланып отыр.

Мұнан соң партиялық бақылау жұмыстары Тоқабай елді мекеніндегі 140 орындық №248 орта мектепте жалғасты. Аталған нысан салынып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Алайда, 2016 жылы мектептің 1 қабатының спорт залы, бастауыш сыныбы, 2-қабаттың залы, шет тілі, тарих кабинеті, кітапхананың қабырғаларына жарық түскені анықталып, арнайы жұмыс комиссиясы құрылған болатын. Комиссияның шешімімен анықталған ақауларды қайта қалпына келтіру және жою мердігер мекеме «Өмірзақ» ЖШС-ға тапсырылған. Бүгінде «Өмірзақ» ЖШС-і аталған мектептің ғимаратын демонтаждап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Партиялық бақылау барысында құрылыс материалдарының уақытында келмеуі салдарынан жұмыс күші аз және құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқандығы анықталды.

Партия филиалының төрағасы құрылысты жүргізіп жатқан мердігерлерге құрылыстың сапалы жасалып, уақытылы аяқталуын, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды.

Аудандағы партиялық бақылау жұмыстары аясында партия филиалының төрағасы Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан апаттық жағдайдағы №21 орта мектеп ғимараты және дене шынықтыру мен сауықтыру кешені құрылысы, Аманөткел ауылдық округінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік ішкі жолдар құрылысы, Бөген – Ақлақ, Қаратерең – Жаңақұрылыс аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты.

Мәселен, Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан апаттық жағдайдағы №21 білім ордасының жаңа ғимараты қосымша құрылыс негізінде салынып, 2001 жылы пайдалануға берілген. Алайда мәселені шешуде ешқандай септігі тимей отыр. Тұрғындардың айтуынша мектепте 448-ге жуық оқушы білім алады. Осының барлығына 7 оқу кабинеті ғана қарастырылған. Бір бөлмеде бірнеше сынып отырады. Бастауыш сыныптар кезінде асар әдісімен салынған, оқушылар заман талабына мүлдем сәйкес келмейтін ескі ғимаратта оқуға мәжбүр. Қабырғалары жылу ұстамайтын бөлмелерде балалар қыс мезгілінде тоңып отырады. Сондықтан жаңа мектеп салынса,- дейді олар.

Ал спорт кешенін шарт бойынша 2021 жылы тапсыру белгіленген. Алайда, мердігер тарапынан шарт талаптары сақталмаған. Сонымен қатар, ҚМЖ бойынша асфальт төсеу, көгалдандыру жұмыстары орындалмаған. Осыған сәйкес, мердігерді жосықсыз өнім беруші деп тану туралы Қызылорда облысының ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп, соттың шешімімен «Диас-Құрылыс РГ» ЖШС-ға жұмыстарды шартқа сәйкес толығымен орындап аяқтау міндеттелген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жол сапасын қадағалау барысында мердігерлер партия филиалының басшылығына Бөген – Ақлақ бағытындағы жолды 15 шілдеге, Қаратерең – Жаңақұрылыс автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстарын 15 тамызға дейін сапалы және уақытылы аяқтауға уәде берді.

Партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов құрылыс жұмыстарына бөлінген әрбір тиынның сұрауы бар. Сапалы жұмыс біріншіден жергілікті халық, өзіміз және болашағымыз үшін қажет десек екіншіден, мердігер мекеме үшін абырой және табыс екенін атап өтті. Партиялық бақылау жұмыстары Қазалы ауданында жалғасты

БӨЛІСУ