ТЖ министрі Юрий Ильин негізгі суға кету себептерін атады

Бүгін Үкіметте судағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Оның Қазақстанда қалай қамтамасыз етіліп жатқаны туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев және кейбір өңірлердің әкімдері баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, бүгінгі таңда еліміз бойынша шомылуға рұқсат етілген 487 орын белгіленген, оның ішінде 149 коммуналдық, 338 жеке меншік жағажай бар. Осы уақытқа дейін Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында рұқсат етілген орындардың тізбесі бекітілмеген, ал Алматы және Қарағанды облыстары әкімдіктерінің қаулылары қайта өңдеуді талап етеді.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті құтқару жабдықтары бар арнайы бекеттермен қамтылған 307 жағажай бар. Қалған 180 рұқсат етілген орын медициналық пунктілермен және балаларға арналған шомылу учаскелерімен қамтылған. Мысалы, Қарағанды облысында 75 орынның 63-і, Маңғыстау облысында 38 орынның 34-і, Павлодар облысында 42 орынның 25-і, ал Қостанайда 25-тен 12-сі бар.

Шомылатын орындарды құру және жабдықтау – қауіпсіздіктің негізгі талаптарының бірі. Осыған байланысты шомылу кезеңінен жақсы өту үшін жергілікті атқарушы органдар ресми және жабдықталған шомылу орындарының санын кемінде 15-20%-ға ұлғайтуы қажет.
«Өткен жылы суға батқандар саны 43%-ға азайғанымен, өкінішке орай, жағдай жақсы емес. Соңғы 3 жылда мыңнан астам адам суда қаза болды. Жыл басынан бері еліміздің су қоймаларында 69 адам құтқарылды, олардың 15-і – бала, ал шомылу маусымы басталғаннан бері 11 адам құтқарылған, олардың екеуі – бала. Бұл ретте 45 адам суда қаза болды, олардың 14-і кәмелеттік жасқа толмаған», — деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Суға батқандардың ең көбі Ақтөбе, Абай, Қостанай облыстарында тіркелген. Еліміздің су қоймаларында адамдардың қаза болуының негізгі себептері – жабдықталмаған орындарда шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, мас күйде суға түсу және өз күшін тиісінше бағаламау.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, биылғы наурыз айында суға шомылу маусымында алу алдын алу жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру үшін ведомство министрліктер мен әкімдіктердің нақты міндеттерін көздейтін «Шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» бұйрық бекітті. Осы жылдың сәуір айында «орталық және жергілікті атқарушы органдарды биылғы суға шомылу маусымына өтуіне дайындық туралы» тақырыбын күн тәртібі ретінде ортаға салған ВАМК отырысы өткізілді. Өңірлерде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссиялардың отырыстарында алдын ала қаралды.

Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ полиция департаменттерімен және әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуде. Мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлестікте 45 мыңнан астам рейдтік және үгіттеу жұмыстары жүргізілді, оған жүз мыңнан астам адам қатысты. Күнделікті рейдтік-үгіттеу жұмыстары барысында 480 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлікте (авто, т/ж, авиа), кинотеатрларының экрандарында және әуежайлардың, вокзалдардың және адамдар жаппай болатын басқа да объектілердің LED-экрандарында халықты көбірек қамту үшін судағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіре отырып, бейнероликтер көрсетілуде.

Юрий Ильиннің айтуынша, қауіпсіз жағажайларда, стационарлық және қаңқалы-модульдік бассейндерде ТЖМ құтқарушылары әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзу дағдыларына үйретуде. Соңғы 3 жылда 100 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған бала жүзіп үйренді, осы жылдың басынан бері 19 мыңға жуық бала дағдыланды.

Ақпараттық-профилактикалық жұмыс аясында судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау бойынша БАҚ-пен бірлесіп, бірқатар іс-шара өткізілуде, атап айтқанда, брифингтер өткізіліп, үгіт-насихат материалдары таратылуда, теле-радио хабарларында ескерту жасалып, басылымдарда мақала жазылып, халықпен жиындар, акциялар мен флешмобтар өткізілуде.

Төтенше жағдайлар министрінің мәлімдеуінше, елдің кейбір аймақтарында инновациялық тәсілдер қолданылуда. Мысалы, Алматы қаласында су қоймаларын патрульдейтін және судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салатын дрон белсенді түрде пайдаланылады. Ақтөбе облысында «FSM Expert» бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілді, ол патрульдеу бағыттарын қалыптастырады және қадағалайды.

Қазіргі уақытта ТЖМ Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, рұқсат етілген және шомылуға тыйым салынған орындарды карталарға енгізе отырып, интерактивті картаны өзектендіру мәселесі пысықталуда.

Бүгінде проблемалық мәселелердің бірі – жүзу орындарының жанында олардың иелерінің жүзу құралдарын пайдалануы. Мысалы, олардың көп бөлігі Алакөл көлінде байқалады. Осыған байланысты көліктік бақылау инспекциясы осындай учаскелерді патрульдеу жиілігін арттыруды талап етеді.
«Өткен жылы суға батқандардың көбі мас күйде болды, осыған байланысты өңірлерде бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүйесін енгізу қажет. Каналдар және арықтардағы балалардың өлімі ерекше назар аударуды қажет етеді. Жыл басынан бері Түркістан, Атырау және Жамбыл облыстарында суару каналдарында балалардың суда қаза болуы тіркелді», — деді Юрий Ильин.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында каналдарда баспалдақ көтергіштер мен кабельдер орнатылуда, бұл ұстап, жағаға шығуға мүмкіндік береді. Бұл құрылғыларды орнатуды жеделдету керек, кең дренаждық және суару жүйелері бар қалған аймақтар үлгі алуы керек, деді министр.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, санитарлық күтімді бақылау мақсатында демалыс аймақтарын тексеру ерекше назар аударуды қажет етеді. Шомылу маусымы мектеп демалысы кезінде болатынын ескере отырып, әсіресе су объектілерінің жанында орналасқан балалар лагерьлерінде балалармен жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аудару қажет.

Елде 218 лагерь жұмыс істейді, оның 45-і су қоймаларының жанында орналасқан, 127 лагерьде бассейндер бар. ТЖМ құтқару бөлімшелері осындай балалар лагерьлерінің су айдындарының 28 учаскесін зерттеді, қалған 17-сі бойынша жұмыс осы айда жоспарланған.

Жалпы су объектілерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар мыналарды қамтамасыз етуі қажет:

  • жаппай демалыс орындарының су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына 100% сәйкестігі;
  • 100% шомылуға тыйым салынған барлық орындарға тыйым салу белгілерін орнату;
  • тұрғындарды, еріктілерді, жұмыспен қамту орталықтарынан, оның ішінде аудандық және ауылдық жерлерден жұмыссыз азаматтарды үгіт-насихат шараларына тарту керек.

«Бұдан басқа БАҚ арқылы суға түсуге тыйым салынған орындардың тізбесін халыққа жеткізу қажет және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ықтимал әкімшілік жауапкершілік туралы айтылуы қажет. Ұйымдастырушылық кешеннің барлығын орындау және практикалық іс-шаралар су қоймаларындағы ТЖ санын азайтуға мүмкіндік береді. Су қоймаларында адам өліміне жол бермеу жөніндегі жұмыс жалғасуда және үнемі бақылауда», — деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Әрі қарай мәселе бойынша ішкі істер министрі Марат Ахметжанов баяндама жасады. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басым міндеті. Оны орындау үшін еліміз бойынша 15 мыңнан астам полицей және Ұлттық ұлан әскері қатысады. Олар 4 мыңнан астам маршрут бойынша қызмет етеді.

Жазғы кезеңде адамдардың жаппай демалатын орындарында нарядтардың саны көбейтіледі. Білім беру ұйымдарына қоғамдық, демалыс және шомылу орындарында балалардың жүріс-тұрысы туралы ережелері жолданды. Шомылу кезеңінде патрульдеу маршруттары қайта қаралды. Оған қоса төтенше жағдайлар бөліністерімен бірлесіп, коммуналдық және жеке меншік жағалауларды патрульдеу, сол жерлерде алкогольді ішудің жолын кесу және тәртіп ережелерін сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізу; су пайдалану ережелерін бұзу және балаларды бақылаусыз қалдырмау бойынша түсіндіру жұмыстары; ЖБО бейнебақылау камераларымен бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
«Биыл құтқару қызметтерімен, әкімдіктермен және волонтерлермен 10 мыңнан астам рейд пен патруль жүргізілді. Әкімшілік жауапкершілікке тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін 240 адам, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішкені үшін 192 адам тартылды. Судың жанындағы автопатрульдер суға батқандарға көмек көрсету үшін қажетті құралдармен жабдықталған», — деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Жылдың басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері судан 9 азаматты құтқарды. Күні кеше Қызылорда облысында полицейлер каналда батып бара жатқан студентті алып шықты.
«Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараны қабылдайды», —деді М. Ахметжанов.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, министрлік балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру әрі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Біріншіден, тиісті мемлекеттік органдар және әкімдік өкілдерімен бірлескен мониторинг топтары құрылып, жазғы лагерьлер мен демалыс алаңдарының қауіпсіздігі зерделенді. Мониторинг жұмысы нәтижесінде демалыс объектілерінің дайындығы тексеріліп, санитарлық қадағалау күшейтілді; демалыс орындарындағы өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша алдын алу шаралары жүргізілді; аттракциондар, саябақтар мен ойын алаңдарындағы балалар қауіпсіздігінің сақталуы, сондай-ақ балалардың қауіпсіз тасымалдануы, жолдағы қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынды; жазғы демалысты ұйымдастыру кезінде бірыңғай, қауіпсіз тәсілдерді қамтамасыз үшін орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қоғамдық ұйымдармен арнайы семинар-кеңес өткізді, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, балалардың өрт пен судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдері әзірленді.

«Сонымен қатар мониторинг жұмысы нәтижесінде еліміздегі 218 қала сыртындағы лагерьлердің 45-і су қоймаларының жанында орналасқаны, ал 127-сінің бассейні бар екені анықталды. Сонымен қатар балаларға судағы қауіпсіздік бойынша нұсқаулар беріліп, таныстырылып, оларды жүзу дағдыларына үйрету көзделген. Барлығында жүзуден нұсқаушы-әдіскер жұмыс жасайды», — деді Ғани Бейсембаев.

Мұнан басқа үйірмелер мен секцияларда және сауықтыру орталықтарында балалардың қауіпсіздігіне байланысты 100 мыңнан астам оқу-жаттығу іс-шарасын өткізу жоспарланып отыр. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігі өткен оқу жылында мектептерде интерактивті сабақтар өткізіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді, оқушылардың бойында қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған 2 800-ден аса «Жас құтқарушы» үйірмесінің жұмысын ұйымдастырды, әр лагерьдегі қауіпсіздіктің сақталуы туралы қабылданған шаралар әлеуметтік желілерде жарияланып, ата-аналар қауымдастығына тұрақты түрде таныстырылып отырылатын болады.
«Балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елді мекендерге және демалыс орындарына жақын орналасқан су қоймаларына бақылау орнату маңызды. Әкімдіктерден, жаз мезгілінде су қоймалары маңында кезекшілік ұйымдастыруды сұраймыз. Сонымен қатар судағы қауіпсіздіктің қаматамасыз етуде балаларға жүзуді үйрету маңызды», — деді министр.

Сондай-ақ әкімдіктер Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің қатысуымен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырыстарында балаларға арналған қауіпсіз инфрақұрылым мәселелерін жан-жақты қарастырып, талқылаулары қажет.
«Барша ата-аналарды балалардың су қоймаларына қадағалаусыз баруына жол бермеуге шақырамыз», — деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Одан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев тақырып бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда шағын флоттың 19 мыңға жуық кемесі тіркелген. Шағын флоттың басым бөлігі – жұмыс істейтін негізгі су объектілері, олар: Алакөл мен Балхаш көлдері, Қапшағай су қоймасы, Ақтау қаласы Каспий теңізінің жағалауы және Бұқтарма су қоймасы.

Ведомтсво басшысының айтуынша, шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалауды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық көліктік бақылау инспекциялары жүзеге асырады. Өткен жылғы навигацияда шағын көлемді кемелерге 3 061 тексеру жүргізілді, қорытындысы бойынша 795 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 6 млн 231 мың теңге сомасына айыппұл салынды.

Биылғы 1 маусымнан бастап көліктік бақылау инспекцияларымен «Назар аударыңыз! Шағын флот!» атты республикалық іс-шарасы өткізіледі. Ондағы мақсат – шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды, еліміздің су айдындарындағы жаппай демалу орындарында адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Аталған іс-шара 31 тамызға дейін жалғасады.

Су көлігін бақылау саласындағы маңызды мәселе – көліктік бақылау органдарын қызметтік кемелермен жеткіліксіз деңгейде жарақтандыру. Арнайы су көлігінің тиісті нормаларында көзделген шағын көлемді кемелердің 18 бірлігінің ішінде тек 9 кеме ғана бар. Мәселені шешу үшін биыл 4 моторлы қайық сатып алынады. 2024 жылға арналған бюджетте арнайы су көлігінің тағы 5 кемесін сатып алу жоспарланған.

«Сонымен қатар тағы проблемалық мәселелердің бірі – өңірлерде ұсталған кемелерге арнайы алаңдардың немесе сақтауға арналған тұрақтардың болмауы. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған алаңдарды құру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқызылған», — деді Марат Қарабаев.

Осы мәселе бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірнеше рет әкімдіктерге жүгініп, бірқатар өңірде автотұрақтар құрылған.
«Алайда бүгінгі таңда Қарағанды, Алматы, Абай, Жетісу, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының негізгі су айдындарында ұсталған кемелерді сақтау үшін айыппұл тұрағын құру қажет. Бұл бойынша тиісті жұмыстарды жергілікті атқарушы органдармен атқарамыз», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Одан кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өз өңіріндегі ахуал бойынша баяндама жасады.
«Облысымыздың су қоймаларындағы адам өлімі – ең өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өткізіліп, тиісті тапсырмалар берілді», — деді Д. Сатыбалды.

Облыстағы қаналдар негізінен ауыл шаруашылығы мақсатында болғандықтан, ол каналдарда шомылу орындары қарастырылмаған. Бірақ суға бату оқиғаларының көбі осы каналдарда орын алып жатқандықтан, әр 500 метр сайын қауіпсіздік баспалдақтары мен 4 метрлік құтқару арқандары орнатылды.

Сонымен қатар облыста арнайы жағажайлар ашылуда. Биыл 10 маусымға дейін 4 жағажай ашу жоспарланып отыр. Оның үшеуі – коммуналдық жағажай, біреуі жеке кәсіпкер қаражаты есебінен салынған.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы шомылатын орындары жоқ елді мекендерде қаңқалы-модільді бассейндер орнатылып, тегін жұмыс жасауда. Бүгінге дейін 43 қаңқалы бассейн орнатылды. Сонымен қатар 33 жеке меншік стационарлық бассейні бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың балаларын ақысыз суға шомылдыру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылдары суға адам көп кеткен учаскелерді ескере отырып, 111 қауіпті учаске бекітіліп, 256 шомылуға тыйым салу белгілері орнатылды.

«Облыс аумағында судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Жалпы облыста 51 баннер орнатылды, 23,5 мың жадынама таратылды, 11 мың адамның қатысуымен 165 рет халықпен кездесу өткізілді», —деді Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар өзендер мен каналдардың бойында орналасқан тұрғын үйлерді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Үлкендердің қарауынсыз жүрген 80 бала ата-аналарына тапсырылды. Құзырлы органдар кезекшіліктер бекітіп, тұрақты түрде патрульдеу және рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.

«Мектеп директорларымен судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар өткізілді. Барлық мектепте “Судағы қауіпсіздік ережелері” бойынша ашық сабақтар ұйымдастырылып, арнайы қауіпсіздік бұрыштары орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

БӨЛІСУ