Фракция мүшесі өңірдегі ірі жобалардың жұмысымен танысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов өңірдегі жұмыс сапары барысында партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамовпен бірге жылына 200 мың тонна өнім шығаруға қабілетті шыны зауыты жұмысын көрді. Зауыт өткен жылы 32 мың тонна өнім өндірсе, биыл 75 мың тоннаға жуық шыны түрлерін шығарған. Бүгінде мұнда күніне 500-510 тонна шыны түрлері шығарылып, басқа өңірлерге жөнелтіледі. Сондай-ақ, жергілікті өнімге көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен де сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд.теңгені құрайтын 8 шағын ілеспе завод құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Мұнан соң Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасында қамтылған өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуына серпін беретін ірі жобаның бірі «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалына барды. Жоба облыс әкімдігі, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ және «Болат Өтемұратов қоры» қол қойған ынтымақтастық меморандумға сәйкес, үш жақты келісім негізінде жүзеге асуда. Жобаны қаржыландыру «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен жүзеге асырылуда.

Жаңа терминалдың құрылыс жұмыстары 2023 жылдың ақпан айында басталды. Бүгінгі таңда, жолаушылар терминалының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа әуежай терминалында халықаралық стандарт талаптарына сай жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылатын болады. Құрылыс жұмыстары барысында (Қордың мәліметі бойынша) 600-ден астам жұмыс орны, және құрылыс жұмыстарынан кейін тұрақты 64 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. Бас мердігер – «ELITE INSAAT» ЖШС және «AVA CONSTRUCTION» ЖШС арасындағы консорциум. Жоба іске асырылғаннан кейін, авиациялық әкімшілікпен бірге ішкі және сыртқы рейстер санын ұлғайту бойынша ірі әуе компанияларымен жұмыстар жүргізілмек.

«Қазіргі жағдайда әуе көлігі өзінің ерекшелігімен үлкен сұранысқа ие, серпінді дамып келе жатқан көлік түрінің бірі. Әлемдік деңгейде дамыған азаматтық авиацияның маңызы зор. Сондықтан, ел үшін әуе көлігін және оның сервистік қызметтерін дамытуға жұмыстар жасалуда. Жоба өте керемет. Сәтті жүзеге асып, халық игілігін көрсін»,- деді жобаның құрылысымен танысқан Мұрат Әбенов.

БӨЛІСУ