Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Искаков Олжас Ермекұлының медициналық ұйымдар жұмысымен танысу сапары Қазалы ауданында жалғасты.

Аймақтың бас дәрігері алдымен «Бозкөл» дәрігерлік амбулаториясын араласа, одан әрі «Абай», «Шипагер» дәрігерлік амбулаториясы, «Жетес би» емханасы, жедел жәрдем стансасы, Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы, жаңа емхана жұмысымен және Қазалы теміржол ауруханасы, «DIAVERUM» гемодиализ орталығының жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен пікірлесті.
Медицина мекемелері жұмысымен танысқан өңір бас дәрігері халыққа әрдайым сапалы әрі медициналық қызмет көрсету басты мақсат екендігін айта келе, көңіл аударатын тұстарға тиісті тапсырмаларын беріп өтті.
Басқарма басшысы сонымен қатар, тұрғындар ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында халық арасында қоғамдық қабылдау өткізді. Онда тұрғындар медициналық кеңестерге жүгінді. Өз кезегінде Олжас Ермекұлы айтылған өтініштердің шешу жолдарын қарастырып, тұщымды мағлұматтар беріп өтті.
Кездесу соңында қоғамдық қабылдауға келгендер қатары аймақтың бас дәрігеріне ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

БӨЛІСУ