1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубы «Бейбітшілік балалар көзімен» атты сурет байқауын өткізді. Жас өрендердің шығармашылығын дамытуға, ел бірлігі мен татулығын дәріптеуге бағытталған байқауда қаладағы 5, 6, 7, 8 сынып оқушылары бақ сынады. Барлығы 30-ға жуық шығармашылық жұмыстар келіп түсті. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік деп танылған суреттер #бейбітшілікбалакөзімен хэштегімен Қызылорда. Ассамблея парақшасына жарияланды.
Байқау қорытындысы бойынша 7 ең үздік деген жұмыстың иегерлерін «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров марапаттады. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камаловтың Алғыс хатын табыстап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.
Үздік жеңімпаздарға суретші, цифрлық иллюстратор София Темірболат оқуда озат болып, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануына тілектестігін білдіре отырып, комикс кітаптарын сыйға тартты. Бұл кітап арқылы оқушылар цифрлық қауіпсіздікті қызықты қысқа комикс әңгімелер арқылы меңгерте отырып, олардың технологиялық және дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастыруға көмектеседі деп атап өтті.
Славяне этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова шара ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді. Балалардың ой өрісін дамытып, шығармашылығын шыңдау бағытындағы бірлескен жұмыстарға сәттілік тіледі.
Ал клуб төрайымы Елена Рыбина байқауға қатысқан оқушылардың әрбірінің жұмыстарына жоғары баға берді. Елдегі бейбітшілік, бірлік, достық пен татулық көріністері үйлесміділік тапқан суреттер үшін барша қатысушы оқушыларға ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта клубтың ұйымдастыруымен әртүрлі танымдық бағыттағы байқаулар өтетіндігін алға тартты.

БӨЛІСУ