Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады. Жеке қабылдау өткізу тәжірибесінің енгізілгеніне көп уақыт болмаса да, тұрғындар кері байланыстың осы тәсілін қолайлы көретіні байқалады. Бұл Шиелідегі қабылдауға келгендердің пікірлерінен аңғарылды. Бүгінгі қабылдауға келген 50-ден астам азаматтың өтініш-тілектері негізінен баспана алумен, денсаулық, білім салаларының қызметімен, жұмысқа орналасумен байланысты болды.

Мұнда да барлық ұсыныс-пікірлерді тыңдаған аймақ басшысы әр сауал бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. Айтылған ой-пікірлер, көтерілген мәселелер жан-жақты зерттеледі. Ешқайсысы ескерусіз, жауапсыз қалмайды.

«Біздің көшемізде ауыз су мәселесі күрделі еді. Аймақ басшысының жеке қабылдауында осыны жеткіздім. Көршілеріме қуанышты хабармен баратын болдым. Аудан әкіміне тиісті тапсырма берілді және қаражат бөлінетін болды», – деді Шиелі кентінің тұрғыны Ерболат Жүсіпов.

«1 ұл, 1 қызым бала жастан мүгедек, 2011 жылдан үй кезегіндемін. Аймақ басшысына жағдайымды айттым, аудан әкіміне жәрдем көрсету туралы тапсырма берілді», – деді «Алтын алқа» иегері Пернеш Әжібай.

Құқық қорғау органдары басшыларына өз сұрақтарын қоюға мүмкіндігі болмай жүрген тұрғындар бүгінгі қабылдауда маман кеңесін де алды, мәселесінің заңдық тұрғыда шешілу жолын да білді. Заңға қатысты ережелер мен талаптарды барынша түсінікті етіп айтқан басшылар қабылдауы тұрғындарға пайдалы болды.

Осындай форматтағы жеке қабылдаулар алдағы күндері Жаңақорған ауданында да өткізілмек.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ