Балабақшаны күтудің шет жағасын көрдік. Баласының кезегі келемін дегенше мектеп жасына толатыны анекдот емес. Сол олқылықтың орынын мемлекеттік бағдарламалар толықтыруда. Жеке кәсіпкердің мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне араласуы көп жағдайды жеңілдетті. Ең бірінші бәсеке пайда болды. Соның шеңберінде ізденіс, даму, жауапкершілік қатар өрбіді. Оңай олжа көріп ұмтылғандардың емес, шын ден қойып айналысқандардың айы оңынан туды. Бұл үрдіс аудандарға да тән. Мәселен Қармақшы Ауданының бүлдіршіндері үшін төл мерекедегі үлкен тарту “Әсия ана” балабақшасының ашылуы. Заманауи әсем ғимарат стандартқа сай безендірілген. Құрал-жабдықтары толық. Мамандарды да іріктеп қабылдап сапаға жұмыс істеуді мақсат тұтуда.

Айта кетейік, балабақша аудан әкімдігінің қолдауымен «Қызылорда» Өңірлік Инвестициялық Орталығы» арқылы 20,0 млн теңге көлемінде несие қаражатымен қаржыландырылған.
Бүгінде балабақша құрылтайшысы 25 адамды жұмыспен қамтудың және 3 жастан 6 жасқа дейінгі 75 баланы қабылдаудың межесін қойып отыр.
Оның ішінде бір тобы ерекше балаларға инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек бала бақшаның ашылу салтанатына қатысып, осындай игілікті істі қолға алып, бүлдіршіндеріміздің заман талабына сай балабақшада тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жергілікті кәсіпкер Әсия Мүсілімқызына алғысын білдірді.

– Бөбектер үлкен өмірге деген алғашқы қадамын балабақшадан бастайды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген киелі сөз бар. «Әсия ана» балабақшасында білімді, тәрбиелі, елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін ұрпақ тәрбиеленеді деген үлкен сенім бар», – деді аудан басшысы.

Одан соң аудан ардагерлерімен бірге жаңа нысанның лентасын қиып, балабақша жұмысымен танысты.

Сонымен қатар бүгін “Дәметкен ана” оңалту орталығы мен Психологиялық түзету кабинеті, “Аңсаған” оңалту орталығындағы сәбилерді де аудан басшысы Жандос Еркінбек арнайы құттықтап, сый-сияпат көрсетті

БӨЛІСУ