«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов облыстық мәслихаттағы фракция мүшелерімен бірге «TazaLike» партиялық жобасы аясында қала көшелерінің тазалығын қамтып отырған “Қызылорда тазалығы” мекемесінде болып, жаңадан сатып алынған техникалардың сапасымен танысты.

Қаламыздың тазалығын үздіксіз қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда тазалығы» заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсетіп келеді. Тұрақты түрде тазалық рейдтері жүргізіліп отырғанына қарамастан кейбір тұрғындардың тазалық мәселесіне бей жай қарауы, тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастауының салдарынан еткен еңбек көбіне – көп зая болуда. Осы орайда партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов партияның сайлауалды бағдарламасында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды тілге тиек етіп, экология біздің өңір үшін өте өзекті мәселе болып қала беретіндігін атап өтті.

«Өңірде қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Дегенмен өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны таза ұстауды күнделікті өмір салтына айналдыру және ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту бойынша шараларды қоғам болып ұйымдастыруымыз керек»,- деді Наурызбай Байқадамов.

Фракция мүшелері тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу полигонында қоқысты сұрыптау және көму үшін жаңадан шұңқыр қазу, санитарлық талапқа сай әр үйдің иесі өзіне темір контейнерлер қойып, бекітілген тарифтер бойынша төлем жүргізуі секілді ұсыныстарын ортаға салды.

БӨЛІСУ