Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында балалардың заманауи оқу ордаларында білім алуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтып, өңірлерде 2025 жылға дейін жаңа мектептер салу туралы тапсырған болатын.
Осы орайда, бүгін Ұлттық жобаны іске асыру және өңірлік даму жөніндегі Басқарма төрағасының орынбасары А. Саттаров, департаменттің Құрылыс бөлімінің өңірлік жоба жетекшісі Е. Қонақбаев және департаменттің Жобалау бөлімінің топ жетекшісі Ә. Хами Арал ауданында іссапармен болып, аталған жоба аясында салынатын мектептертің құрылысы жоспарланған аймақпен танысты.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов басқарма өкілдеріне биылғы жылы құрылысы жүргізілетін мектептердің жер учаскелерін көрсетіп, белгіленген аумаққа инфрақұрылым тарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
Айта кетейік, ауданымызда 2023-2024 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» бағдарламасы шеңберінде Арал қаласында – 2 мектеп, Сексеуіл кентінде – 1, Жақсықылыш кентінде – 1 мектеп салынатын болады. Бұдан өзге, 2025 жылға дейін өңірімізде 10 жаңа оқу ордасы пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.
Жайлы мектептің басқа мектептерден ерекшелігі – бірыңғай құрылыс стандартын сақтай отырып балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, пәндік бөлмелер мен зертханалары толық жабдықталған, 1-4 және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек оқу аумағы мен спорт залы бар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін тиісті жағдай жасалған оқу орны болмақ.