Аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен, «Еңбек даңқы» музейінде 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен және нәубет жылдары сыр өңіріне қоныс аударған этнос өкілдерінің ұрпақтарымен кездесу өткізілді.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша аудандық жұмысшы топ мүшелері, этнос өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қатысты.
Іс-шарада аудандық орталық кітапхананың «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» атты кітап көрмесі, аудандық тарихи өлкетану музейінің «Жаралы жылдар жаңғыры» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрмесі таныстырылып, аудандық мәдениет үйі «Алаш арыстары» атты театрландырылған қойылымы ұсынылды.
Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев: – ХХ ғасырда бірнеше қайталана орын алған репрессия жылдары және батыр халқымыздың басым бөлігінің жаны қиылған ашаршылық жылдарындағы ауыр да азапты күндер қазақ халқының тарихында қалғанын, ел басынан өткен ауыр нәубет жылдардың оқиғалары халық жадында екенін атап өтті.
Мұнан соң, саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы А.Байдосов, сыр еліне қоныс аударған Кан Мила, аудандық жұмысшы топ мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы Ж.Маханбетов халқымыздың басына түскен нәубет-зобалаң халық жадынан ешқашан өшпейтіндігін, өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым ету парызымыз екендігін айтып өтті.
Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі – бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде! Ел тағдыры жолында жаны қиылған азаматтардың рухына тағзым ету, олардың еңбектері үшін алғыс білдіру тәуелсіз елдің кез-келген тұрғынының парызы.