Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға жетекшілік еткен комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы білім беру мекемелерінде қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талаптарды қолдану қажеттігіне назар аударғанын атап өтті. Отырысқа Оқу-ағарту, Ішкі істер, Төтенше жағдай,  Қаржы министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, бейнебайланыс арқылы облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік білім беру басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бейнебақылау жүйесін орнатуды, оларды жедел басқару орталықтарына қосуды, лицензияланған күзетпен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етуді көздейтін кешенді шаралар жүргізіп жатқанын айтты. «Балалар қауіпсіздігі жүйесін одан әрі жетілдіру үшін білім беру ұйымдар басшыларының дербес жауапкершілігін күшейтуді, қауіпсіздік жүйелеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізуді жалғастыруды, тәрбие жұмысын қайта форматтауды, педагог мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларына балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа модуль енгізуді іске асырамыз», – деді Е. Оспан өз баяндамасында. Ал Төтенше жағдай министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов өрттің және балалар өлімінің алдын алу туралы айтса, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова балалар денсаулығын сақтау туралы, ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Күзет ұйымдары қауымдастығының вице-президенті Марат Буканов білім беру орындарының қауіпсіздік жүйесі бірыңғай болуы, олар кәсіби жеке күзет ұйымдарының мүмкіндігін пайдалануы қажеттігін айтып, осы бойынша ұсынысын жеткізді. «Оқу-ағарту министрлігінің нұсқаулығында мектептер үш топқа бөлініп, террористік тұрғыдан осал нысандар санатына ұжымында тек 700-ден аса адам бар мектептер кіргізілген. Бұл үлкен білім орындарындағы балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді. Ал қалған бала саны аз мектептердің қауіпсіздік деңгейі төмен, тіпті, жоқтың қасы. Біздің ойымызша, бұл дұрыс емес», – деді М.Буканов. Жиын қатысушылары баяндамаларды тыңдап болған соң тақырыпты талқылауға көшті. Депутаттар баяндамашыларға өз сауалдарын қойды.  Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Оқу-ағарту вице-министрінен нақты бағыттар бойынша қандай заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігі бойынша ұсыныс беруін сұрады. «Біз мониторингтер, оқу жиындарын өткіздік. Сол кезде туындаған мәселелер бойынша ұсыныстарымызды дайындадық. Мәселен, әрбір бес жыл сайын ғимараттарды тексеру мәселесіне біз тікелей мүдделіміз. Өйткені ғимараттарға техникалық, сейсмикалық аудит өткізу, басқа да қауіпсіздік шаралары бойынша тексерулерді уақытында жасап отыру бізге әрбір білім беру ұйымының жай-күй туралы толыққанды ақпарат береді. Сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығына қатысты бірқатар заңнамалық өзгерістер бойынша ұсыныстарымыз бар», – деп жауап берді Е.Оспан. Жиын қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша өз ұсыныстарын Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне жолдайтын болады.

БӨЛІСУ