Мәжілісмендер азиялық әріптестерімен су ресурстары мәселесін шешудегі қазақстандық тәжірибемен бөлісті Пномпень, Камбоджа, 23 мамыр. Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Ерлан Барлыбаев судың көмегімен климатқа төзімділікті қамтамасыз етудегі қазақстандық тәжірибемен бөлісті. Азия парламенттерінің су ресурстары жөніндегі консультативтік кеңесінің V отырысы аясында осы мәселе бойынша азиялық іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуге арналған дөңгелек үстел өтті. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов жиынға қатысушыларды Қазақстандағы бүгінгі климаттық өзгерістер салдарымен таныстырды. Ол су ресурстарының проблемасы оларға тікелей байланысты және шұғыл бейімделу шараларын қажет ететінін атап өтті. «Үкімет климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі нормаларды ұлттық заңнамаға енгізді. Қазақстан Республикасы жаңа Экологиялық кодексінің «Климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мемлекеттік басқару» тарауы жасалды. Ол су ресурстары, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және табиғи апаттарды азайтудан азаматтық қорғау салаларындағы климаттың өзгеруіне байланысты жағымсыз әсерлерді азайтуға бағытталған», – деді мәжілісмен. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша климаттың өзгеру мәселелері мен шекаралас елдердің саясатын ескеретін, су ресурстарының тапшылығын азайтуға көмектесетін жаңа Су кодексін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.  Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының су шаруашылығын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленуде, онда қазіргі заманғы су секторының міндеттерін шешуге бағытталған шаралар белгіленіп, бағдарланбақ. «Қазақстанның су шаруашылығын басқарудағы стратегиялық жоспары климаттың өзгеруіне байланысты тәуекелдердің алдын алуды және экономика секторларының бейімделуін болжауға мүмкіндік береді, өйткені су секторы – елдің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі негізгі ресурс», — деді Дүйсенбай Тұрғанов. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Ерлан Барлыбаев өз сөзінде бұл шара парламенттік ынтымақтастық арқылы су ресурстарының әл-ауқатын қамтамасыз етуде бірлескен перспективаны анықтауға көмектесетінін айтты. «Климаттың өзгеруіне халықаралық әрекетті күшейтуде парламенттердің рөлі өте зор. Бұған климаттың өзгеруін жеңілдетуге және дамуға кеңірек көзқарас пен дұрыс экологиялық саясатты қолдау үшін бейімделуге ықпал ететін саясат пен реттеу құралдарының кең ауқымы кіреді», – деді Ерлан Барлыбаев. Дөңгелек үстелге Лаос, Камбоджа, Қырғызстан, Малайзия, Непал және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар су мәселесін шешу және оны пайдалану бойынша пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу қорытындысында бірлескен декларацияға қол қойылды.

БӨЛІСУ